Қазақстан "Хаги Ваги", "Киси Миси" ойыншықтарының импортына тыйым сала ма?
Жыл басынан бері елде санитарлық талаптарға сай емес 1 300-ден астам ойыншық табылып, 71 келіге жуығы сатылымнан алынған.Қазақстанда "Хаги Ваги", "Киси Миси" сынды құбыжық бейнелі ойыншықтарға қатысты қоғамның пікірі екіге жарылды. Ата-аналар балаларының бұл ойыншықтармен ойнауына қарсы болса, психологтар керісінше, олар баланың өз қорқынышы мен үрейін жеңуге көмектесетінін айтады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ойыншық дүкендері мен базарларының ең алдыңғы сөрелерін қазір, қызыл, көк және өзге де түсті "Хаги Ваги", "Киси Миси" ойыншықтары жаулап алған. Тістері ақсиған, аяқтары ұзын, құбыжық бейнелі олар балалар тарапынан жоғары сұранысқа ие. Алайда оларға ата-аналардың көңілі толмай отыр. Балалары сұраса, сатып әпермеуге тырысатындар көп.
Ал психолог мамандардың пікірі мүлде басқа. Олардың сөзінше, балалар экраннан көрген кейіпкерін қолмен ұстап, ойнау арқылы ішкі фобиясынан арылатынын айтады.
"Бұл ойыншықтар баланың дамуына, оның психикасына қандай да бір жағымсыз әсер етеді деген тұжырымдамамен келіспеймін. Балалар өз бойындағы қорқынышымен, үрейімен кездесіп, оны қалай билеп жатқанын байқап жүрмін", – дейді психолог Миргүл Бимағамбетова.
Оқи отырыңыз: Сертификаты жалған, улы ойыншықтар Қазақстан базарларында еркін сатылып жатыр
Биыл Қазақстанда санитарлық бақылау мамандары ойыншықтардың мың жарымға жуық түрінен зиянды химиялық заттар анықтаған. Көбі Қытайдың лол қуыршақтары мен ыдыстар жиынтығынан табылған. Құрамдарында ксилол, бензол, фенол, гептан, стиролдың қоспалары анықталған.
"11 айдың ішінде Қазақстан бойынша екі жарым мыңнан астам ойыншық алған болатын. Олардың ішінде 48 пайыздан астам ойыншықтар сәйкес болмады. Олардың ішінде 71,1 келі ойыншықтар сатудан алынған болатын. Және үш ойыншық туралы сәйкестік сертификат берілген болатын. Ол ойыншықтар сәйкес болмағаннан кейін біз Ресей және Қырғызстан Республикасына сәйкестік информация жібердік", – деді ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының бас сарапшысы Дамир Тайғұлов.
Дегенмен, іргелес Ресейде Хаги Ваги ойыншықтарын сатуға тыйым салынды. Қытай шығаратын бұл ойыншықтардан ресейлік мамандар талапқа сай тиісті таңбалау таппаған.
"Айтуларынша, әрбір ата-ана ойыншықты сатып алмас бұрын құрамы мен қоспасын, оның неден жасалғанын білу қажет. Айта кетсек, Қазақстан нарығында емін-еркін сатылып жатқан Хаги Вагидан біз де тиісті таңбалауды таба алмадық", – деді арна тілшісі.