Қарағанды ​​облысының әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп, жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосты, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Жаңа жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, мейірбикелерге, мәдениет қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушыларына, ғылыми, әлеуметтік және коммуналдық мекеме қызметкерлеріне жеке баспана алу үшін жеңілдетілген заем алуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама талаптары:

  • үміткердің жасы 35-тен аспауы керек;
  • таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі, өтініш берген кезде, соңғы бір жылдан кем болмауы тиіс;
  • бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт. 

Несие шарттары:

  • максималды заем – 20 млн теңгеге дейін (егер мүліктің құны 20 млн теңгеден асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады);
  • бастапқы жарна – 10%;
  • несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%);
  • несиенің төлем мерзімі – 19 жылға дейін. 

Тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтініштер 2-12 мамыр аралығында қабылданады. Үміткер жұмыс уақытында Назарбаев даңғылы, 39а, қалалық әкімдік ғимаратындағы "Open Qarağandy" кеңсесіне жолығуы қажет. 


Оқи отырыңыз: Шымкентте жаңа ипотека: 10 пайыз бастапқы жарнамен 20 млн теңге несие беріледі


Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін, мемлекеттік және қоғамдық өкілдер мен депутаттардан құралған комиссия мүшелері қатысушыларды іріктеп, тізімді Отбасы банкіне жолдайды. Банкте үміткер төлем қабілеттілігін тексеріп, нарықтан пәтер табуы қажет. Баспананы Қарағанды қаласында орналасқан бірінші немесе екінші нарықтағы нысандардан таңдап алуға болады. 

Айта кетейік, бағдарламаға жергілікті әкімдік 1 млрд теңге, ал Отбасы банк 500 млн теңге бөліп отыр. Былтыр бұл сомаға 100-ге жуық адам баспаналы болған еді.