Қарағандыда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қаладағы қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев №44 апатты мектептің педагогикалық ұжымымен және оқушылардың ата-аналарымен кездесуінде мәлімдеді.

Өңір басшысы Қарағандыда автобустарды жаңарту мен электронды билеттердің енгізілуіне байланысты оқушылардың тегін жол жүруін қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл шара отбасыларға, әсіресе көп балалы отбасыларға үлкен қолдау болмақ.

Әкімнің тапсырмасы іске асса, Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі 110 мыңға жуық бала қалалық автобустарда тегін жүреді. 


Оқи отырыңыз: "Ауданға баруға мәжбүрміз". Қарағанды облысындағы ауылда неге дәрігер жоқ?


Өңір басшысы 1948 жылғы №44 апатты мектептің ғимараты қалпына келтіруге келмейтінін, оның орнына жаңа ғимарат салынатынын айтты. Оқушылар мен мұғалімдер 600 оқушыға арналған №64 мектепке ауыстырылды. Әкімдік орын тапшылығы жоқ екенін айтып отыр.