Қарағанды облысы Тоғызқұдық ауылында ауылында емхана атаулы мүлдем жоқ. Тек тұрғын үйдің ішінде орналасқан шағын фельдшерлік пункті бар. Бірақ оның өзі халыққа қызмет көрсетпейді. Мыңнан астам тұрғын ауырса, 30 шақырым жердегі аудандық емханаға баруға мәжбүр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Ауылымызда дәрігер жоқ. Біз иен қалған ауылмыз. Ауру аналар бар, ауру балалар бар. Қазір біздің отбасымызда екі мүгедек бармыз. Шалым кеше ауруханаға жатып қалды. Қалаға жолмен апарып жатқыздым", – дейді ауыл тұрғыны Шолпан Ықайқызы.
Облыстық денсаулық басқармасы ауылда тұрақты дәрігердің жоқ екенін растады. Келесі жылы талапқа сай амбулатория салу қарастырылып жатқанын айтты. Ал өңірде небары 34 емхана бар. Биыл тағы үшеуі іске қосылмақ. Бірақ оның өзі қалалық тұрғындардың игілігіне жұмыс істейтін болады.
"Тоғызқұдық амбулаториясының дәрігері зейнеткерлік демалысқа шықаннан кейін ол жаққа аптасына екі рет Ботақарадан дәрігерлер барып тұрады. Қазіргі уақытта амбулаторияға "Дипломмен ауылға" деген бағдарлама бойынша медбике қабылданды", – дейді Қарағанды облысы Бұқар жырау орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары Айгүл Мергембаева.
Оқи отырыңыз: Баланы ауруханаға жатқызарда нені білу керек? Өзекті 6 сұраққа жауап
Жалпы ел бойынша емдеу мекемелеріне 14 мың 600 медицина қызметкері жетіспейді. Оның ішінде 7 мыңнан астам дәрігер тапшылығы бар. Әсіресе Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында ушығып тұр.