Алматы облысындағы Көксай ауылының тұрғындары мазарлардың тым жақын орналасқанына наразы. Айтуларынша, ауыл ақсақалдары жер телімін кәсіпке айналдырып, қашықтықты сақтаудың орнына бейіттерді үйлерге қарай жақындатып жатыр. Қоршау мен қабірдің арасы таяқ тастам жер дегендер бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келетінін айтуда, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Бизнес үшін өте қолайлы. Біздің Кеңсай секілді жақын жерге жерлеген оңай болып тұр. Бұрынғы қатар бойынша жерлей берсін. Алайда бұл кісілер бейіттің аумағын кеңейткісі келіп отыр. Осы жерден ешқайда кеткісі келмейді", – деді Көксай ауылының тұрғыны Жандос Батырханов. 

Тұрғындардың айтуынша, ауыл адамдары ғана емес, сырттан келіп марқұмдарды жерлейтіндер де көбейген. Үй мен бейіттер арасындағы қашықтық 3-5 метрге жеткен. 

Ауыл ақсақалдарының да тұрғындарға айтар өз уәжі бар. Мазарларды тазалап күтіп ұстап жүрміз дейді. Оның үстіне тиісті мекеменің мамандарын шақыртып құжаттарын заңды түрде рәсімдегендерін жеткізді. 


Оқи отырыңыз: 6 шаршы метр жер тегін: Астанада марқұм адамды жерлеу тәртібі әзірленді


"Бұл Көксай ауылының жүз жылдан бері келе жатқан бейіті. Оны адамдар үй салды екен деп жаба алмаймыз. Өйткені бейіт аумағы 100% толмады. Содан кейін ғана заңға сәйкес шешім шығаратын боламыз", – деді  Іргелі ауылдық округінің әкімі Абылай Ысқақов. 

Жиналысқа келген жұрттың да, ауыл ақсақалдарының да сөзін тыңдаған ауыл әкімі енді екі аптадан кейін өз шешімін айтатынын жеткізді. Жер телімін нақты бекітіп, балалар алаңын салуды ұсынды. 


Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанда қайтыс болғандар саны 5 мыңға артып, жерлеу рәсімі қызметтері 82,2% қымбаттады