Президент "Қазақстанның халық әртісі" атағын қайтаратынын айтты
Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады.Мемлекет басшысы "Қазақстанның халық әртісі" атағының қайтарылатынын және марапаттау рәсімі биылдан бастап жалғасатынын мәлімдеді.
"Тағы бір маңызды мәселе бар. Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте, креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету өте маңызды. Адам капиталын тұрақты дамыту жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде табысты ел болудың басты кепілі болады деп санаймын. Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы әділетті мемлекеттің және үйлесімді қоғамның негізін қалаймыз. Мен "Қазақстанның халық әртісі" атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз:
- Тоқаев: Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек
- Мемлекет басшысы: Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ
Еске салайық, бұл құрметті атақ "Қазақ АКСР халық әртісі" деген атаумен 1920 жылдардан бері беріліп келсе, Қазақстан тәуелсіздік алған соң, 1991 жылы "Қазақстанның халық әртісі" атағы деп өзгерді. Ал 1999 жылғы шілде айынан бастап бұл атақты беру тоқтатылған болатын.