Президент: Партияда қоғамдық-саяси орталардағы азаматтар сеніміне ие лидерлер аз
Тоқаев партияның мемлекеттік органдар жұмысын қайталамауы тиіс екенін айтты.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның жұмысын сынға алды. Осы орайда, ол қандай өзгерістер қажет екенін айтты.
"Партия әртүрлі қоғамдық-саяси орталардағы азаматтар сеніміне ие лидерлерді белсенді түрді өз қатарына тартуы керек. Өкінішке орай, партия қатарында мұндай азаматтардың аз екенін көрдік", – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ол қиын сәтте партияның барлық кадрлық және адами әлеуеті, оның барлық тармақталған инфрақұрылымы толық іске қосылмағанын атап өтті.
"Nur Otan партиясы шынайы істердің ұйытқысы бола отырып, оқиғалардың ортасында және үдерістердің алдыңғы шебінде болуға тиіс. Сыртқы бақылаушының позициясы қазірдің өзінде жарамайды. Екіншіден, партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек. Мемлекеттік аппараттың функциялары бір, партияның функциялары мүлдем басқа. Nur Otan негізінен идеологиялық және кадрлық жұмыстармен айналысуы тиіс, қажет болған жағдайда – мемлекеттік аппараттың жұмысын бағыттап отыратындай", – деді президент.
Мұнымен қатар, Тоқаев өткен жылы атқарушы биліктің елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына жол бергеніне тоқталды.
"Тапсырма, жоспар, міндеттер көбінесе қағаз жүзінде орындалды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Тоқаев өзінің "Нұр Отанға" төрағалық етуінің орындылығы туралы мәселеге оралу керектігін айтты.