Президент 2 жылда жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтар салуды тапсырды
Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компаниялар тартылады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумындағы баяндама жасап, цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту маңызына тоқталды.
Президенттің айтуынша, озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс.
"Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Жасанды интеллект қазақша сөйлей бастайды – "Тіл-Қазына" орталығының директоры
Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллектінің "қорегі", қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды.