Петропавлда 200 отбасы жарты жылдан бері пәтер кілтін ала алмай жүр
Мердігер компания кадр тапшылығына байланысты тұрғын үй құрылысын кешіктіргенін айтты.Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үйдің құрылысы жарты жылға кешігіп жатыр. Салдарынан екі жүзге жуық жанұя пәтер кілтін ала алмай жүр. Тұрғындардың айтуынша, құрылысшылар баспананың тапсырылу мерзімін ай сайын кейінге шегеріп келеді. Ал мердігерлер жұмыс күші жетпегендіктен құрылыстың кешігіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Екінші топтағы мүгедек Сәуле Тасбай он жылға жуық пәтер кезегінде тұрған. Компания тұрғын үйдің құрылысын дер кезінде аяқтамағандықтан, жарты жылдан бері пәтер жағалап жүргенін айтады.
"70 мың теңге зейнетақыға күн көремін. Жұмыс істей алмаймын. Өз үйім болмаған соң пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін. Қазір шағын бір бөлмеде күнелтіп жүрмін", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Сәуле Тасбай.
Оқи отырыңыз: Үйлі болуды армандаған 233 мыңға жуық қазақстандық баспана кезегінен шығарылады
Тұрғындардың айтуынша, 17 қабатты тұрғын үйдің ішкі әрлеу жұмыстары әлі жасалмаған. Пәтерлерге жарық жүйесі тартылмаған. Ауладағы абаттандыру жұмыстары да бітпей тұр.
"Қазір қазан айы болды. Бұл кісінің сөзіне сенуге болмайды. Лифт істеп тұр. 17 қабатқа көтеріліп көріңіз. Әлі дайын болмайды", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Азат Әмір.
Ал құрылысты осыдан үш жыл бұрын бастаған "Единство" серіктестігінің өкілі кадр тапшылығынан жұмыстың кешігіп жатқанын мойындайды. Яғни жұмыс күші жетпей үйді уақытында тапсыра алмаған.
"16 және 17 қабаттағы ішкі әрлеу жұмыстары қалды. Жұмыстарды 90 пайыз аяқтадық. Қалғанын осы айда бітіреміз", – деді мердігер компания өкілі Зүлфия Халитова.
Ал жиналған жұртқа келген қалалық әкімдік қызметкерлері барлығын реттеу үшін мердігерге бір ай уақыт берді. Өз жұмысын уақытында аяқтамаған құрылыс компаниясына айыппұл салмақ.
Оқи отырыңыз: Жекеменшік үй саны бойынша Шымкент пен Түркістан облысы ең алдыңғы қатарда
"Қандай кемшіліктері бар екенін тұрғындар жаза алады. Сосын подрядчик гарантия бойынша жұмыс істейді", – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.
Петропавлда осы сияқты әлі 8 үйдің құрылысы мерзімінен кешігіп жатыр. Яғни әлі бір мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлай алмай отыр. Жергілікті билік олардың бәрін жыл соңына дейін тапсырамыз деп уәде берді.