Университеттер мәселесінде бізде көп кемшіліктер жіберілді, деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Министр "Жаңа оқу жылына мұғалімдердің үздіксіз кәсіби біліктілігін арттыру міндеттері" тақырыбында өткен панелдік сессияның пленарлы отырысында университеттерде педагог мамандарды даярлау мәселесіне тоқталды.

"Біздің жас әріптестеріміз мектепке келгенде олардың деңгейі қандай екенін көріп отырмыз. Жалпы осы жылдары біздің университеттерге түсіп, педагогикалық білім аламын деген мектеп түлектерінің ҰБТ бойынша деңгейін де көрдік. Орташа балы 55 балл болды", – деді министр.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасына ілесе алмаған университеттерді сынға алды.

"Әрине, жалпы униерситетердің бағдарламалары да өте ескі болды. Біз 2016 жылдан бастап мектептерде жаңартылған білім беру мазмұнын енгізіп жатсақ, біздің университеттер 2018-2019 жылға дейін, біз лицензиясын алып қойған кей университеттер тіпті 2021 жылға дейін мектепте болып жатқан өзгерістерді көрген жоқ, білген жоқ, сезген жоқ және бізге қажет мұғалімдерді дайындаған жоқ. Сондықтан осы университтерде сапалы кадр дайындау мәселесі өте маңызды", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Қызылордадағы "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты бас лицензиясынан айырылды


Министр осы мақсатта университет түлектерін сертификаттау тәжірибесі енгізілгенін атап өтті.

"Бұрын түлектер жоғары білім туралы диплом алып, бірден мектепке жұмысқа кірісіп кете алатын. Біз бұған жоқ дедік. Диплом болғаны жақсы, әрине. Онда 240 кредит оқып, курстардан өткенің, қандай да бір емтихандар тапсырғаның туралы жазылған. Бірақ, ол сенің педагог екеніңді білдірмейді. Онда тек "математика бакалавры" деп жазылып тұр, "математика мұғалімі" деп тұрған жоқ. Яғни, онда квалификация беру жүйесі жоқ. Бұл жағдайда біз былтыр реформа өткіздік. Алғашқы күндері "Университет бітіргелі бес жыл өтті, бір нәрселерді ұмытып қалуымыз мүмкін" деп, кейбірі "Мен тек 5-6 сыныптарға сабақ беремін. 11-сынып бағдарламасын бес жылда ұмытып қалдым. Неге ол сұрақтарға жауап беруім керек?" деп жатты. Алайда тестілеудің алғашқы күндері түлектердің тек 6 пайызы ғана шектік балл жинай алғанын көрдік. Оқу-ағарту министрлігі ретінде дипломы барлардың бәрі бірдей мектепте жұмыс істей алмайтынын айта аламыз. Сол себепті де сертификаттау енгіздік. Адам бірінші тестілеуден өтіп, өз пәнін, сабақ беру әдістемесін білетінін дәлелдеуі керек", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр бұған дейін 86 университет педагог даярлап келгенін, 36-дай ЖОО-ның лицензиясы қайтарылғанын атап өтті. 

"Көптеген университеттер педагог дайындау үшін тек аудитория, тақта мен бор, ұстаздар болса жеткілікті деген оймен лицензия алған. Бірақ сапа болмады. Сол себепті біз 36-дай ЖОО-ның лицензиясын қайтарып алдық. Бұл жұмысты жаңа министрлік жалғастырады деп үміттенемін", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Жоғары оқу орнының лицензиясы 5 жылға ғана беріледі