Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар 3 жылда 200 мыңға азайды – зерттеу
Көбінесе білім деңгейі төмен жастар жұмыссыз жүр."Қазақстан жастары" зерттеуі нәтижесінде сауалнамаға қатысқан респонденттердің 79,2 пайызының кәсіпкерлік қызметте тәжірибесі жоқ екені және көбінесе жоғары білім алмаған азаматтардың жұмыссыз қалатыны белгілі болды. Бұл туралы ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында жазылған. Құжат 28 ақпанға дейін Ашық НҚА сайтында қоғамдық талқылауда болады.
Жастар арасында жүргізілген сауалнама кәсіпкерлік қызметте жастардың қандай тәжірибе алғанын көрсетті:
- тәжірибесі сәтті де сәтсіз болғандар – 5,6%;
- тәжірибесі сәтті болғандар – 4,9%;
- қазір кәсіпкерлікпен айналысатындар – 4,4%;
- тәжірибесі сәтсіз болғандар – 4,1%.
Ал қалған 79,2 пайыз респондент кәсіпкерлік саласында еш тәжірибесі жоқ екенін айтқан.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы жастарға қандай жеңілдіктер жасалады?
Қазір кәсіпкерлікпен айналысатындардың ішінде респонденттердің:
- 7,3 пайызы – 24-28 жаста;
- 4,7 пайызы – 19-23 жаста;
- 1,2 пайызы – 14-18 жаста.
"Кәсіпкерлік қызметте қала жастарының 17,7 пайызында, ауыл жастарының 20,9 пайызында мұндай тәжірибе бар. Жас қазақстандықтар арасында жұмыссыздық мәселесі әлі де өзекті. 2019 жылы 3,7 пайыздан 2021 жылы 3,8 пайызға дейін 0,1 пайыздық тармаққа өсті, қалада – 4,1 %, ауылдық жерлерде – 3,2 %. Көбінесе білім деңгейі төмен жастар жұмыссыз жүр", – делінген зерттеуде.
2021 жылы 15-28 жас аралығындағы 77,6 мың жұмыссыз азаматтың 33,9 мыңы немесе 43,7 пайызының орта кәсіптік білімі бар. 12,5 мың немесе 16,1 пайызы бастауыш және орта білім алған.
Оқи отырыңыз: Жастарға арналған 2,5 пайыздық кредит: Негізгі шарттары белгілі болды
"2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде NEET санатындағы жастар қатарында біліммен және жұмыспен қамтылмаған 234,5 мың адам бар. Елімізде жастар арасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2019 жылы 478,1 мың адамнан 2021 жылы 420,7 мың адамға, 2022 жылы 399,1 мың адамға дейін азайды", – делінген құжатта.