"Отар" әскери базасындағы жұмбақ өлім: Марқұм сарбаздың туыстары әділдік талап етеді
Медициналық сараптама сарбаз денесінің 17 жерінде гематома барын анықтаған.2022 жылы сәуір айында Отар қаласындағы №30/212 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге аттанып, бар болғаны төрт күннен кейін табытпен оралған маңғыстаулық Әлібек Қалбайдың туыстары әділдік сұрайды. Әлібек тіпті жауынгерлік ант беріп те үлгермеген. Туыстары сарбазды жерлегеннен кейін эксгумация жасап, сараптама жасатқанда марқұмның 18 жерінде гематома бары анықталғанын айтады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты осы уақытқа дейін 24 сот отырысы өтіп, оларда 127 куәгер тыңдалған. Қазіргі таңда іс қайта қарау үшін прокуратураға қайтарылған.
"Балама 18 жерден жарақат салған. Оның бәрін бір бала жасады дегенге мен сенбеймін. Бұған сержанттардың да, командирлердің де қатысы барына көзім жетіп тұр. Әділдікке жетпей қоймаймын", – дейді Әлібек Қалбайдың әжесі Болдық Құлмағамбетова.
Әскерилер туыстарына алғашында Әлібек сапта тұрған кезде есінен танып құлады десе, кейін өзінің қатарласы соққыға алған деп хабарлаған. Осы уақытқа дейін болған 24 сот отырысында біздің бір де бір дәлел-айғағымызды сот назарға алмады деп шағымданады туыстары. Ал бас әскери прокуратура өкілдерінің айтуынша сот істі қайта қарау үшін прокуратураға қайтарған.
Оқи отырыңыз:
Отар қаласындағы №30/212 әскери бөлім басшылығы Әлібектің туыстарына оның сапта тұрған кезінде есінен танып құлағанын айтса, кейін мұны жоққа шығарып, оны өзге сарбаздар соққыға жыққанын айтқан.
"Алматы гарнизоны әскери сотының қаулысымен курсант Қалбайдың өліміне қатысты қозғалған өндірістік іс қылмыстық іс жүргізу кодексінің 323-бабының талаптарына сай прокурорға кері қайтарылған. Сот шешімі жәбірленуші анықталмаған басқа тұлға тарапынан соққыға түсуі мүмкін деген тұжырыммен негізделген. Аталған қаулыдағы көрсетілген дәйектермен келіспей, мемлекеттік айыптаушының тарапынан аппеляциялық сот алқасына өтініш енгізілген", – деді Бас әскери прокуратураның басқарма бастығы Кемел Шаяхмет.
Қылмыстық іс аппеляциялық сот сатысында бүгін, 9 қараша күні қаралады. Әскери прокуратура өкілдері барлық дәлел аппеляциялық сот отырысында толық анықталатынын айтады.