ОСК төрағасы Қазақстан ЕҚЫҰ-ның кей ұсыныстарын неге қабылдамайтынын түсіндірді
Нұрлан Әбдіровтің сөзінше, ұйымның ұсыныстарында қазақ халқының менталитеті ескеріле бермейді.Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында Қазақстан неліктен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының ұсыныстарын толық қабылдай бермейтіні туралы айтты.
Оның сөзінше, ұсыныстардың бір бөлігі Қазақстанның жаңартылған Ата заңы мен заңнамасында ескерілген. Мысалы, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылып, Мәжілістің бүкіл құрамын халық тікелей сайлайтын болды. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді және қолдаушылардан жинайтын қажетті қол саны 4 есе – 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқартылды. Бұл саяси партияларды құру рәсімін едәуір жеңілдетті.
Дегенмен, Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссияларының кейбір ұсынымдарында Қазақстанның саяси шындығы, халқымыздың менталитеті жете ескеріле бермейтінін жеткізді. Соған байланысты, мұндай ұсыныстарды ОСК жанындағы Сарапшылар кеңесі мүшелері қолдамайды.
"Шынын айтсақ, кейбір ұсынымдарды тіпті жаңа буын – жастарымыздың өзі де қабылдамайтынына көзіміз жетіп отыр. Мәселен, ел өңірлеріндегі жастар арасында сауалнама жүргізгенімізде оған қатысқандардың 74,6 пайызы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстан президенттігіне кандидаттар үшін мемлекеттік тілді білуге арналған лингвистикалық емтиханның күшін жою туралы ұсынымын қолдаған жоқ. Сондай-ақ, бұрын сотталған азаматты әкім, депутат, президент сияқты сайланбалы лауазымдарға сайлау туралы ұсынымға жастардың басым көпшілігі – үштен екі бөлігі қарсылық білдірді", – деді ОСК төрағасы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жемқорлардың жария реестрі жасалмақ