Оқушыларға планшетпен неше минут сабақ оқуға рұқсат беріледі?
1-сынып оқушылары үшін 15 минут белгіленсе, 9-11 сынып оқушылары мұндай сабаққа 30 минуттан артық қатыспауға тиіс.Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық жаңа талаптар жобасын талқылауға ұсынды.
Құжат жобасында тікелей бейнетерминалмен, дербес компьютермен, планшетті дербес компьютермен және ноутбуктермен сабақтардың үздіксіз ұзақтығы оқу сағаты ішінде келесі өлшемдерге сәйкес келуі тиіс:
- мектепалды, мектепке дейінгі топтарда (сыныптарда) және 1 сыныптарда – 15 минуттан аспайды;
- 2-3 сыныптарда – 20 минуттан аспайды;
- 4-5-сыныптарда – 25 минуттан аспайды;
- 6-8 сыныптарда – 25 минуттан аспайды;
- 9-11(12) сыныптарда – 30 минуттан аспайды.
Аталған шектеулер мектеп оқушыларының жеке компьютермен жұмыс істеу кезінде денсаулығына келетін зиянның алдын алу үшін енгізілмек.
Оқи отырыңыз:
- Мектептер эксперименттік оқу бағдарламаларын өз қаражатына әзірлейді
- Мектеп оқушыларына психолог көмегі не үшін қажет? Министр жауабы
Құжат жобасында мектепалды сыныптардағы және жалпы мектептегі оқу ұзақтығы өзгеріссіз қалған. Еске салайық, мектепалды сыныптарда сабақ ұзақтығы 25-30 минут (сабақтар саны төрттен аспайды) болса, үзіліс уақыты кемінде 10 минут болуы тиіс.
Ал жалпы білім беру ұйымдарының барлық түрінде оқушылар үшін сабақтар арасындағы үзілістің ұзақтығы кемінде 5 минут, үлкен үзіліс 30 минутты құрайды. Бір үлкен үзілістің орнына екінші және төртінші сабақтан кейін әрқайсысы 15 минуттан екі үзіліс жасауға жол беріледі.
Ауысымдар арасында кемінде 40 минут үзіліс көзделген.