Семей қаласындағы әуе қорғанысы әскери бөлімінің офицері Бақытжан Әріпжан белгісіз жағдайда қаза болды. Әскери бөлім қызметкерлері оның кезекшіден тапанша алып, қару тазалайтын бөлмеде өзінің басына оқ атқанын айтады. Алайда Бақытжанның туыстары бұған күмәнмен қарайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.  

Бақытжанның туыстарының сөзінше, ол Семейге 2 жыл бүрын Түркістан облысынан ауысып барған. Соңғы уақытта туған жеріне қайта қызметін ауыстыруға әрекет етіп, бұйрық күтіп жүрген екен.

"Бұл жерде бір топтардың өзара бір шешілмеген мәселелері бар. Бақытжан ол топтарға кірмеген, шамасы. Өйткені, ол "ондай жұмыспен" айналыспайды. Содан кірмеген соң, оны шеттету керек болған деп ойлаймын", – деді Бақытжанның әкесі Құлыбек Әріпжанов.

Бақытжан қайтыс қайтыс болардан бірер сағат бұрын қарындастарының бірімен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен. Үш жастағы қызына қайырлы таң тілеп, амандық-саулықтан соң, әңгімені келте қайырған. "Кейін хабарласармын" деген соңғы сөзінен 2-3 сағат өткенде, қайғылы жағдайдан хабар жеткен.


Оқи отырыңыз: Әскерге сау кеткен сарбаз үйіне есінен адасқан күйде оралып, әкесін сабап тастаған


"Аягөзде офицер қаза тапты. Ол бойынша қазір қылмыстық іс қозғалып, тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан қандай да бір артық ақпарат бере алмаймын", – деді Семейдегі № 31767 әскери бөлімінің командирі Айбөол Өтегенұлы.

Аягөз қаласынан Шымкентке әскерилер жеткізген мәйітке марқұмның туыстары бөлек сот-медициналық сараптамасының өткізілуін талап еткен. 102 нөміріне қоңырау шалып, полицияға қойған талап-тілегі нәтижесінде Шымкентте де сараптама жасалған. Аталған жәйт бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында марқұмның туыстары күмәнді жағдайлардың барлығын жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.