Тікелей эфир

Әскерге сау кеткен сарбаз үйіне есінен адасқан күйде оралып, әкесін сабап тастаған

Дәрігерлер Ринат Жеткергеновтің миына зақым келгенін айтты.

Әскери борышын өтеуге сап-сау кеткен Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны 19 жастағы Ринат Жеткергенов үйіне есінен адасқан күйде оралған. Қазір тіпті ата-анасын танымайтындай хәлге түскен жігіт кейде өзінің не айтып отырғанын да білмей қалады. Ал Ринаттың ата-анасы балалары әскери шенділердің қорлығынан кейін өте ауыр жағдайға түскенін айтады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Сөздерінше, сол жақтағы қызметкерлер сарбазды казармада аяусыз ұрып-соғып, әбден қинап, басына зақым келтірген. Үш күн бұрын ғана әскери борышын өтеп келген Ринат Жеткергенов үйіне осындай хәлде оралыпты. Содан бері жақындарына маза бермей, өзімен-өзі мүліктерді қиратып, үйдің астан-кестеңін шығарады екен. Тіпті ұлын тынышталдырмақ болған әкесіне де бірнеше рет қол көтеріпті. Жігіт жақындарын танымайды.

Туыстары Ринат Жеткергенов отан алдындағы борышын өтеген Ақтау қаласындағы 25/744 теңіз әскери флотындағылардың "Балаларыңыз сәл ауырыңқырап тұр, күтіп алыңыздар" деп ескерткенін айтады. Сөздерінше, пойыздан түскенде үстіндегі киімі жыртық, ал аяғында жаздық аяқ киім болған. 

"Құлағын тескен, құлағында жарақаты бар. Мен сені қыз қыламын, мен сені әйелім қыламын деп мазақ еткен. Өте қатты қиянат көрсеткен. Жылап тұрып шындығын айтты. Екі күн болды баламен арпалысып жатқанымызға. Ұйықтамайды, сандырақтап сөйлей береді", – деді Ринаттың ағасы Бахтияр Нағашбаев. 

Дәрігерлер азаматқа миына соққыдан зақым келген деген диагноз қойды. Ал министрліктер өз кезегінде Ринат Жеткергеновтің тәртіпті, үлгілі сарбаздардың бірі болғанын мәлімдеді. 

"Тәжірибелі командирлер тәрбиешілер мен сержанттар сарбазға әскери міндетті өткеру уақытында қолдау көрсеткен. Сонымен қатар, қатардағы жауынгер Ринат Жеткергенов қызмет өткерген кезінде денсаулығына ешқандай шағым жасамаған", – деді ҚР қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Ғани Нүсіпов. 

Ал бірақ Ринат әскери борышын өтеген ротадағы жауапты әскери шенділер сарбаздың мұндай жағдайға түскеніне өздері де таң болып отырғандай кейіп танытты. Алайда тексеріс жүргізіліп жатыр дейді. Ал ата-ана кінәлілер Ринатты әскерге барар шағындағыдай ауруынан айықтырып берсін дейді

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары