Мусин отандық IT-компанияларға бірқатар жеңілдік беруді ұсынды
Ұсыныс қолдау тапса, IT-мамандарының әскери қызметі кейінге қалдырылады.Үкімет үйінде өткен премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында IT-саласын қолдау және дамыту мәселесі талқыланды. Бұл туралы Үкімет сайты хабарлады.
Жиында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин отандық IT-компанияларға бірқатар жеңілдік беруді ұсынды.
Олар:
- IT-мамандарына әскери қызметті кейінге қалдыру;
- отандық IT-шешімдерді енгізу үшін жеңілдікті кредит беру;
- Astana Hub технопаркінде эксаумақтылық қағидаты бойынша салық преференцияларының қолданылуын 2029 жылға дейін ұзарту.
Қазақстанда жұмыс істеуге қызығушылық танытатын IT-мамандарынан келіп түсетін сауалдарға жедел жауап беру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің, "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары әкімдіктерінің өкілдері кірді.
Оқи отырыңыз: Шолпан Қаринова: "Цифрлық сауат" пәні енгізілгеннен оқушылардың апталық жүктемесі артпайды
Жұмыс тобы қазірге дейін іске асырған шаралар:
- Қазақстанға келуге мүдделі компаниялармен қарым-қатынас жолға қойылды.
- Өзекті ақпаратты алу үшін елге кіру, тұру және компания ашу туралы, сондай-ақ IT-саласын мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық нұсқаулықтары бар веб-сайт жасалды.
- Әлеуметтік желілерде қатысушылар бизнесті жүргізуге қатысты сұрақтарға шұғыл түрде жауап ала алатын топ құрылды.
- IT-компанияларды көшіру кезінде қолдау көрсететін бейінді ведомстволармен жұмыс ретке келтірілді.