1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп, екі елдімекенді суға қарық қыламыз деген мердігер әлі күнге ауыл жұртының аманатын орындай алмай келеді, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Тапсырыс алған компания тіршілік көзін үш жылдан бері таппай келеді. Соның салдарынан ауызсудан тарыққан халық әзірге арық суымен күнелтуде. Ақжол ауылындағы көшелердің бәрі дерлік қазір шұрық-тесік. Мердігер су жүргізу үшін қазып кеткен. Құбырлар тартылғанмен, бір-біріне жалғанбаған.

"Арғы көше мен орталық көшеге өтетін көше шұңқыр-шұңқыр. Шұңқырға балалар да, малдар да түсіп кетіп жатыр. Арнайы қазылған жердің қақпағы жоқ, сондықтан мына шыбықты кіргізіп қойдым", – деді Ақжол ауылының тұрғыны Исматулла Нұрәлиев.

Алты мыңнан аса халық тұратын Ақжол мен Қауыншы елдімекендеріне ауызсу тарту жұмыстары екі жыл бұрын басталған. Оған мемлекеттен 864 миллион теңге қаржы бөлінген. Биыл ақпанда берілуі тиіс тіршілік көзі әлі күнге дейін берілмеген.


Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы 124 ауылда әлі күнге дейін ауыз су құбыры жоқ.


Осы мәселеге жауаптылар су көзі 840 метрден шыққанын айтты. Әлі күнге дейін халықты тіршілік нәрінен тарықтырған мердігерді әкімдік өкілдері сотқа берген.

"Бұл мәселе бойынша құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда сот мердігер мекемені жұмысты толық  және сапалы аяқтауға міндеттеп отыр", – деді Келес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бақытжан Шырынбеков.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 1400-ге жуық ауылдың ауыз су мәселесі шешілмеген.


Мердігер алдағы он күнде ауыз су қосылатынына уәде беріп отыр.

"Алматыдан насостарға заказ беріп қойғанбыз. Ертең келсе – монтаждай бастаймыз. Одан кейін ауылға қарай су келеді", – деді мердігер компанияның өкілі Сабыржан Садықбеков.