ШҚО-да жалған ақпарат таратқан жасөспірім анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы аудандарының бірінің кезекші бөліміне мектепте жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Ақпараттың шынайылығын анықтау үшін полиция қызметкерлері мен кинолог мамандар жұмылдырылып, мектепті тексерген, алайда ақпарат жалған болып шықты.

"Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті – аталған мектептің 13 жастағы оқушысы екені анықталды. Жасөспірім әзілдеу үшін жалған хабарлама таратқанын мойындады. Оқушымен және оның заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, олар кәмелет жасына толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды", – делінген хабарламада.

Полиция террористік актілер туралы жалған хабарлама таратқаны үшін 14,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынатынын немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылу мүмкін екенін ескертеді. 14 жасқа толған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал 14 жасқа толмаған жағдайда балалардың ата-аналары тәрбиелеудегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.