Ақтөбе қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соты жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген оқушыға үкім шығарды. 10-сынып оқушысының 6 айға бас бостандығы шектелді, деп хабарлады Polisia.kz.
2022 жылдың мамыр айында Ақтөбе облысы полиция департаментінің электрондық мекенжайына жоғары оқу орны ғимараттарына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен. Аталған мекенжайларға дереу барлық шұғыл қызметтер, саперлар мен қызметтік иттерімен кинологтар жіберіліп, ғимараттағы қызметкерлер мен оқушылар эвакуацияланды. Тексеру барысында жарылғыш заттар табылған жоқ.
Облыстық экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы жедел іс-шаралар жүргізу барысында Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде 10-сынып оқушысын анықтады. Оқушы өз кінәсін мойындап, түсініктеме берді. Полицейлер компьютерді тәркіледі. Сонымен қатар, оқушы осындай электронды хатты Көкшетау қаласына да жолдап, үш сот ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлағаны анықталды.