Мәжіліс депутаты: "Бақытты отбасыдан" жетімдер мен мүгедектер сырт қалып қойды
Ол президенттің бағдарлама ауқымын арттыру туралы тапсырмасын орындауда Үкімет қаржыны ұлғайтумен шектелгенін сынға алды.Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында соңғы 3 жылда қазақстандықтардың баспана алу мәселесі едәуір күрделенгенін атады. Оның дерегінше, 2018 жылдан бері үй кезегінде тұрған адамдардың тізімі шамамен 130 мыңға көбейіп, 591 мыңға жеткен. Жоғары өсім Алматы мен Түркістан облыстарында және Шымкентте тіркелген.
"591 мыңнан астам кезекте тұрған адамдардың 170 мыңға жуығының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен, яғни кедейшіліктің шыңырау шегінде екенінің дәлелі. Бұл санаттағы көпшілікті – І, ІІ топтағы мүгедектер, ерекше балаларды асыраушы отбасылар, жетімдер, жалғызбасты және көпбалалы отбасылар құрайды", – деген депутат жылына кезек саны 40 мыңнан астам, ал оның ішінде әлеуметтік осал санатындағы кезектің жылдық өсімі шамамен 19 мыңға жуық отбасыны құрап отырғанын айтты.
Оқи отырыңыз: "Шаңырақ", "Ұмай", "Жас отбасы". 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы
Өңірлерде 2000-2001 жылдан бері кезекте тұрған әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтардың көпшілігі – мүгедек жандар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеуші отбасылар.
"20 жылдап үй кезегін күту мүгедек жандары бар отбасылардың тіпті жеңілдетілген несиеге үй алу мүмкіндігі жоқ екенін айқын көрсетіп тұр. Бұл дәйектер тұрғын үй саясатындағы жағдайдың өршіп тұрғанын көрсетеді", – деді Елнұр Бейсенбаев.
Оқи отырыңыз: Толық емес отбасыларға қандай көмек көрсетіледі? Өзекті 15 сұраққа жауап
Мәжіліс депутаты, сондай-ақ, мемлекет басшысы 2020 жылдың басына дейін "Бақытты отбасы" бағдарламасының ауқымын кеңейтуді тапсырғанын еске салды.
"Ал Үкімет болса, тек қаржыны ұлғайтумен шектелді. Осы орайда, әлеуметтік осал топтарға кіретін жетімдер мен мүгедектер санаты қайта сыртта қалып қойды. Сонымен қатар, 2022 жылдың екінші айы басталғанымен "Шаңырақ" бағдарламасына арналған қаржы әлі ортақ операторға үйлестірілмеген. Үкімет үшін бір ай уақыт емес шығар, ал пәтер жалдаушы үйсіз отандасымызға бұл кезекті далаға кеткен пәтерақысының сомасы", – деді мәжіліс депутаты.