Қазақстанда шамамен әр екінші неке ажырасумен аяқталады. Статистикаға сүйенсек, елде 400 мың ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 мың жалғызбасты әке бар. Осы орайда Informburo.kz толық емес отбасыға мемлекеттен көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктерге қатысты, баспана алуға байланысты сұрақтарға жауап берді.
№1. Қандай отбасылар толық емес болып саналады?
- ерлі-зайыпты ажырасып баланы не әкесі, не анасы тәрбиелесе;
- күйеуі немесе әйелі қайтыс болып баланы бір ғана адам тәрбиелесе;
- заңды некеде тұрмай бала босанса, толық емес отбасы деп есептеледі.
№2. Толық емес отбасына мемлекеттен үй беріле ме?
Иә. "Толық емес отбасы" санаты бойынша баспана кезегіне тұруға болады. Кезекке тұру үшін анасы не әкесі үш жыл тұрақты тіркеуде тұрып, соңғы бес жылда атында үй болмауы керек. Қажет құжаттар:
- ажырасқаны туралы немесе жарының қайтыс болғаны туралы куәлік;
- балаларының барлығы бір мекенжайда тіркеуде болуы;
- балаларының туу туралы куәлігі;
- жұмыс істейтін болса, жұмыс орнынан анықтама;
- табыс мөлшері;
- алатын әлеуметтік көмек туралы анықтама.
№3. "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатыса ала ма?
Иә. Кезекте тұрған толық емес отбасы бұл тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Жылдық қарыз мөлшерлемесі –2%, бастапқы жарна – 10%, қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін. Қарыз сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент,
Ақтау, Атырау қалаларында 15 млн теңгеге дейін, басқа аймақтарда 10 млн теңгеге дейін.
Бағдарлама табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселік шамасынан артық болмайтын (68 604 теңге) тұрғын үй кезегіндегілер үшін қолжетімді.
Толық ақпарат мына сілтемеде.
Оқи отырыңыз: Алимент, жәрдемақы және баспана. Некесіз босанған ана мен оның балаларының құқығы қандай?
№4. Тұрғын үй сертификаты беріле ме?
Табысы төмен отбасылар үшін жергілікті әкімдіктер баспана сатып алуға тұрғын үй сертификатын ұсынады. Сертификат Ұлттық банк бекіткен ипотекалық немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алған жағдайда беріледі. Сертификатты алу үшін әкімдікке немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беру керек.
Қажет құжаттар:
- тиісті формадағы өтініш;
- өтініш берушінің жеке куәлігі;
- табысы туралы анықтама;
- Ипотекалық қарыз берудің мақұлданғаны туралы банктен хабарлама.
Әлеуметтік көмек түріндегі тұрғын үй сертификаты отбасындағы әр адамның соңғы алты айдағы табысы айына екі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда беріледі.
№5. Толық емес отбасыға қандай жәрдемақылар тағайындалады?
Бірінші кезекте бала туғанда бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 110 846 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңге біржолғы жәрдемақы беріледі.
Бала бір жасқа толғанша оның күтіміне ай сайын:
- бірінші балаға 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге;
- екінші балаға 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге;
- үшінші балаға 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге;
- төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 8,9 АЕК немесе 25 962 теңге төленеді.
№6. Атаулы әлеуметтік көмек ала ала ма?
Толық емес отбасындағы әр адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болса, отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. 2021 жылы бұл сома 24 011 теңгені құрады. АӘК тоқсан сайын тағайындалады. Ол үшін ХҚКО-ға немесе әкімдікке жеке басын куәландыратын құжатпен барып, өтініш береді. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасы үшін тоқтатылады.
Оқи отырыңыз: Балаларға – тегін тамақ пен мектеп жабдықтары. Әлеуметтік пакет туралы маңызды 10 сұраққа жауап
№7. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріле ме?
Атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік пакетке азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы кіреді. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектепте ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған.
№8. Толық емес отбасында төрт баладан көп болса, жәрдемақы беріле ме?
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасылық кірісіне қарамастан төрт және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан 23 жасқа толмаған балалары бар аналарға сараланған мөлшерде жәрдемақы беріледі:
- төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 46 760 теңге;
- бес балаға – 20,04 АЕК немесе 58 457 теңге;
- алты балаға – 24,05 АЕК немесе 70 154 теңге;
- жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге;
- сегіз және одан да көп балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге және жетінші баладан кейінгі әр балаға 4 АЕК қосылады.
№9. Асыраушысынан айырылған жағдайда тағайындалатын жәрдемақы мөлшері қандай?
Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне және адам санына байланысты есептеледі:
- ата-анасының бірі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын – 29 500 теңге;
- екі адамға – 51 110 теңге;
- үш адамға – 63 459 теңге;
- төрт адамға – 67 232 теңге;
- бес адамға – 69 634 теңге;
- алты және одан көп адамға – 72 378 теңге.
Ата-анасының екеуінен де айырылған жетім балаға 40 477 теңге беріледі.
Жәрдемақыны алу үшін ХҚКО-ға келесі құжаттарды өткізу қажет:
- 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;
- жеке басты куәландыратын құжат;
- асыраушының қайтыс болуы туралы куәлік немесе адамды хабар ошарсыз кетті деп (қайтыс болды) тану туралы соттың шешімі;
- асырауындағының қайтыс болған адаммен туыстық қатынасын растайтын (тууы туралы, некеге тұру, некені бұзу, әкелігін (аналығын) анықтау туралы куәлік).
Оқи отырыңыз: 2 пайыздық ипотекамен баспананы кім, қалай сатып ала алады?
№10. Тұрғын үй көмегі беріле ме?
Тұрғын үй көмегі тұрмыс деңгейі төмен, аз қамтылған отбасыларға, мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж жандарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға беріледі. Тұрғын үй көмегі азаматтарға төмендегілерді төлеу үшін ұсынылады:
- жекешелендірілген тұрғын үйлерде тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорында жалға алушы болып табылатын азаматтардың тұрғын үйді ұстауына жұмсалатын шығындар;
- коммуналдық қызметтер және байланыс қызметтер;
- әкімдік жеке тұрғын үй қорында жалға алған тұрғын үйді пайдалану үшін жалдау төлемдері;
- электр энергиясының бір фазалық есептеуішінің құны.
Көмекті алу үшін ХҚКО-ға келесі құжаттарды өткізу қажет:
- өтініш.
- өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат пен оның көшірмесі.
- отбасының кірісін растайтын құжаттар;
- жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама;
- балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;
- банк шоты.
- тұрғын үйді ұстауға арналған ай сайынғы жарналар көлемі туралы есепшоттар;
- Коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған есептеуіштер.
- телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
- жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
eGov.kz порталы арқылы онлайн өтініш беруге болады. Ол үшін порталда авторизациядан өтіп "Онлайн сұратым" батырмасын басу керек. Содан соң ЭЦҚ қол қойып, өтінімге келесі құжаттарды тіркеу қажет:
- отбасының табысын растайтын құжаттар;
- тұрғын үйді ұстауға жұмсалатын ай сайынғы жарналар көлемі туралы есепшотар;
- коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған есепшоттар;
- телекоммуникация қызметіне берілген түбіртектер-есепшоттар немесе байланыс қызметін көрсетуге арналған шарт көшірмесі;
- жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорында жалға алған тұрғын үйді пайдалану үшін жалға алу төлемінің көлемі туралы жергілікті атқарушы орган ұсынған есепшоттар.
№11. Толық емес отбасы балаларына мектептен қандай көмек беріледі?
"Білім туралы" заң бойынша әр мектепке жыл басында бөлінетін бюджет қаржысының кем дегенде екі пайызын әлеуметтік жағдайы нашар оқушыларға жәрдем беруге жұмсауы тиіс. Бұл жәрдемге:
- киім-кешек, аяқ киім, оқулықтар, оқу құралдарын сатып әперу;
- оқитын жерінде тамақтандыруды ұйымдастыру;
- қаржылай көмек көрсету;
- санаторий, курорт ұйымдары мен демалыс лагеріне жолдамалар сатып алу;
- мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларға жіберу кіреді.
Көмек ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдардың немесе кәмелеттік жасқа толған білім алушының өтініші негізінде беріледі. Өтінішті 15 күн ішінде қаралады.
№12. Толық емес отбасы балаларына ЖОО-да оқу ақысы жеңілдетіле ме?
Әр жоғарғы оқу орнында оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер әртүрлі. Университеттің ішкі саясатына байланысты жеңілдіктер, әлеуметтік көмектер қарастырылады. Мысалы, кейбір оқу орындарында толық емес отбасыдан шыққан студенттерге күніне бір рет тегін тамақ беріледі. Сондай-ақ, студент ақылы түрде оқып жатса босаған бос білім беру грантын алу конкурсына қатыса алады.
Оқи отырыңыз: Бүгін бала – ертең студент. Оның болашақта сапалы білім алуына қалай қаражат жинауға болады?
№13. Студенттерге жатақханадан орын беріле ме?
Иә. Толық емес отбасыдан шыққан студенттер университет жатақханасына орналасу үшін негізгі құжаттармен қоса ата-анасының қайтыс болғаны жөнінде және отбасы құрамы туралы анықтама өткізеді.
№14. Ажырасқан соң ата-ананың бірі алимент төлеуге міндетті ме?
Ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті және ажырасқан кезде алименттерді төлеу туралы келісім жасауға құқылы. Мұндай келісім ерлі-зайыптылар арасында болмаса немесе ол балалардың, ерлі-зайыптылардың бірінің мүдделеріне қайшы келсе шешімді сот анықтайды.
Ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алименттерді төлеу тәртібі және мөлшері туралы келісім болса, онда іс жүзінде төлем келісуге сай келуі керек. Мұндай келісім болмаса, алиментті ата-анасы сотпен төлетеді.
Алимент төлеуге міндеттелген ата-ана ай сайын:
- бір балаға – табысының төрттен бірін;
- екі балаға – табысының үштен бірін;
- үш және одан да көп балаларға – табысының жарты бөлігін төлеп отыруға міндетті.
№15. Балаға алимент алу үшін қандай құжаттар керек?
Баланы қамқорлығына алған адам алимент өндіру үшін арыз беруге құқылы. Арызда бала саны мен олардың туған жылы жазылып, балалардың туу туралы куәлігі, заңды некеге тұру және ажырасу куәлігінің көшірмесі тіркелуі қажет. Сот бұйрығы 3 күн ішінде шығады. Заңды некеде тұрмаған жағдайда баланың әкелігін немесе аналығын тану туралы арыз бен алимент төлеу туралы арызды жазу қажет.
Алимент төлемей жүргендер ата-ана құқығынан айырылады, бірақ бұл алименттен босатпайды. Әрі қарай да төлемесе, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылады.