Маңғыстауда бес ауылдың малы жайылатын жер кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен
Әкімдіктегілер халықтың талап-арызын сот негізсіз деп тапқанын айтады.Маңғыстау облысында жүздеген шаруа бір жарым жылдан бері мал жаятын жер таппай отыр. Өйткені, бес ауылдың төрт түлігі жайылатын телім қалталы кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Әкімдікке жиналған шаруалардың айтуынша, былтыр ақпан айында "бүкіл құжатым заңды" деген кәсіпкер жайылым жерді қазуға кіріскен. Ол аумаққа Мұнайлы ауданындағы бес ауылдың шаруаларының төрт түлігі жайылатын болған.
"5 ауылдың малы жайылатын өрісін карьер қыламын дегенге біз үзілді-кесілді қарсымыз. Басқа жерде біздің өрісіміз жоқ. Себебі мына беті карьер, мына жағы 16-разъездің шойын жолы. Шойын жолға бармасын малың деп тағы безілдейді", – деді шаруа Сағат Қосов.
Шаруалар гектар-гектар жер телімі кәсіпкердің меншігіне өтпес бұрын ешқайсымызды қоғамдық тыңдауға шақырмады, деп отыр.
"Әкімшіліктің аумағындай жерді адам бойынан да биік 3 метрдей тереңдікте қазып тастады. Былай айтқанда табиғатқа, қоршаған ортаға, мемлекетке үлкен залал келтіріп тұр. Ол жер әлі де болса ашық күйінде жатыр. 10 жылға мерзімге жалға беруге келісім береді екен. Халықтың президентке үндеуінен кейін аудан әкімі ол азаматтан жерін қайтадан қайтып алу туралы қаулы шығарған екен", – деді шаруа Ерлан Қозыбағаров.
Оқи отырыңыз: 8,5 миллион гектар: Ресей Қазақстаннан жалға алған жерді әскери полигон ретінде қолданып келеді
Аудан әкімінің қаулысынан кейін кәсіпкер Мұнайлы ауданының әкімдігін сотқа беріп, мәселе одан сайын ушыққан көрінеді. Осылайша әкімдік соттан жеңіліп, жайылым жері әлі күнге дейін кәсіпкердің меншігінде қалған.
"Лицензияны алған кезде кез келген тұлға министрліктен алады. Ол "интерактив карта" деп аталады. Интерактив карта блок-блок болып тұрады. Сол жерді рәсімдеп алады. Әкімдіктен ешқандай келісім алмайды. Рәсімдеп жатқан жер учаскесін лицензия алып жатқанын біздің әкімдікпен ешқандай келісілмейді, министрлікпен алып кетеді", – деді Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Орынбасаров.
Әкімдіктегілер халықтың талап-арызын сот негізсіз деп тапқанын айтады. Сондай-ақ шенеуніктер кәсіпкердің лицензия алу кезінде құқықбұзушылық жасағанын да айтып отыр. Енді әкімдік өкілдері сот шешіміне аппеляциялық шағым түсірмекші.