Құрық портындағы Әзербайжан Республикасының "Zarifa Aliyeva" паромында "Құрық Порт" ЖШС директоры Серік Ахметов және мекеме мен аудан әкімдігінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері Әзербайжан халқына Ақтау қаласы маңында орын алған қаралы оқиғаға байланысты көңіл білдірді.

"Құрық Порт" ЖШС директоры Серік Ахметов және "Zarifa Aliyeva" паромының капитаны Тахмирас Исмаилов

"Құрметті Әзербайжан халқы. Сіздерге ауыр қайғыларыңызға байланысты шын жүректен көңіл айтамыз. Бұл қайғылы оқиға бүкіл аймаққа терең әсер етті. Біз сіздермен бірге қайғырып, бұл қиын сәтте сабыр мен төзімділік тілейміз. Алла Тағала қаза болғандарға бейбітшілік пен тыныштық, ал туған-туыстарына күш-қуат берсін. Сіздермен бірге екенімізді, сіздердің қайғыңызға ортақ екенімізді біліңіздер", – деді Құрық портының бас директоры Серік Ахметов.

Паром капитаны Тахмирас Исмаилов өз алғысын білдіріп, қазақ еліне шын жүректен риза екенін, осындай сәтте қол ұшын беріп, демеп жатқандарына өз алғысын білдірді.

Гүлдесте Каспий теңізінің суына түсірілді. 

"Құрық Порт" ЖШС директоры Серік Ахметов және "Zarifa Aliyeva" паромының капитаны Тахмирас Исмаилов

Сондай-ақ, бүгін Ақтау портында да ұшақ апатында қаза болған жолаушылар мен экипаж мүшелерінің құрметіне орай, гүлдестелер катерден Каспий суына ағызылды. Теңізшілер марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

"Бұл – біздің бәріміз үшін қайғылы оқиға. Біз Ақтау маңында құлаған Embraer-190  ұшағында  қаза болған жолаушылар мен экипаждың туыстарымен бірге қайғырып отырмыз және марқұмдардың жақындарына, Әзербайжан халқына қайғыра көңіл айтамыз. Аман қалған жолаушылардың сауығып кетуін тілейміз", – деді "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ президенті Абай Түрікпенбаев.


Оқи отырыңыз: 


Еске салайық, кеше Баку-Грозный бағытында ұшып келе жатқан AHY8243 нөмірлі ұшақ Ақтау қаласының маңында құлады. Ұшақта Әзербайжанның 37, Қазақстанның 6, Қырғызстанның 3 және Ресейдің 16 азаматы болған. Апаттан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды.