Таразда мыңға жуық түтіні бар Барысхан шағын ауданы бес күннен бері ауыз сусыз қалды. Тұрғындар ми қайнатар ыстықта апталап тіршілік нәрінен тарығып қалудан әбден мезі болған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Тұрғындар қала билігінің қолдан қуаңшылық жасап отырғанын, бюджеттен бөлінген қаржы көп екенін айтады. Бірақ алақандай ауданға құбыр тарту ісі ұзаққа созылып кеткен.

"Бұл жаққа көшіп келгенімізге биыл төрт жыл болды. Сусыз, бала-шағамен шырылдап отырмыз. Не бақша суара алмайсың, не кір жуа алмайсың, не жақсылап шомыла алмайсың", – дейді Тараз қаласының тұрғыны Тұрсынкүл Қасымова. 

Бұл аймаққа ауыз су тарту төрт жыл бұрын басталған. Төрт мердігер жалданған. Үш кезеңнен тұратын құрылыс әлдеқашан бітуі тиістін. Бірақ біреуі бастап, екіншісі тастап қолдан-қолға өткен құбыр бүгінде қырық жамау.

"Бір күн ішсек, үш күн жоқ болады. Үш күн ішсек, бес күн жоқ болады. Өзі күнде бір жері жарылады, күнде сусыз отырмыз", – деп шағымданды қала тұрғыны Құралай Самиева.  


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар ауыз сумен байланысты шағымдарын интерактив картада қалдыра алады


Тұрғындардың айтуынша, бар кінәрат бақылауды бос жіберген жергілікті билікте болып отыр. Болмаса бұл мақсатқа ел бюджетінен бөлінген қаржыда есеп жоқ деп санайды. Әлдекімдер білгенін істеп, ауыз суға деген қаржыны тістеп қалудың қарекетінде ме деп күдіктенеді. Әкімі тұрақтамайтын Таразда жаңадан келгендері жағдайды білгенше жыл өтеді деп күйінеді. Ал жуырда ғана тағайындалған қала әкімінің орынбасары тексеру жүргізілгенін айтады.

"Қазір зерделейміз. Кейін нақтылап айтамыз. Біраз тексеру жұмыстары жүргізілген. Қаржы полициясы тарапынан, не прокуратура тарапынан, негізі кемшіліктер табылған жоқ", – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Жұрттан қыркүйек айына дейін уақыт сұраған жауаптылар бірер айда бұл іске нүкте қоятынына сендірді. Ал бес күннен бері судан тарыққан тұрғандардың әлі қанша күн сусыз отыратыны белгісіз.