Батыс елдеріндегі тәжірибге қарасақ, олар ешқашан дубляж жасамайды. Кез келген фильмді субтитрмен береді, дейді Әсия Бақдәулет. Ол бұл туралы Admin Anon Live подкастына берген сұхбатында айтты.

"Қазір кейбір фильмдердегі қазақша субтитрді көріп, көзім тас төбеме шығады. Google-мен аудара сала ма? Ол қазақ тілін мазақ ету, өте үлкен қылмыс. Оны кинотеатрлардың басшылары жасай ма, кім жасайды? Неге біз соған рұқсат беріп қойып, соншама халық қарап отырмыз, түсінбеймін", –  дейді кинотанушы.

Сонымен қатар кинотанушы барлық фильмде бір образды сомдайтын актерлерді сынға алды.

"Бұрын жұрт мақтаған көп актерлердің өз дауысын білмегенде, осыны неге сонша мақтайды деп түсінбейтін едім. Бірақ ағылшынша көрген кезде олардың әр фильмде мүлде бөлек дауыспен және мүлде бөлек акцентпен сөйлейтінін түсіндім. Бір ғана акцентпен сөйлейтін актер көрмейсіз. Олар кейіпкерінің өмірбаянына қарайды. Калифорния штатынан болса, сол акцентпен сөйлейді. Ағылшын болса, сол жақтың акцентімен сөйлейді. Актердің шығармашылық процесі – кейіпкерге өмірбаян қалыптастыру. Менің таң қалатыным, біздегі актерлер бір рөлді бәрінде ойнап жүре береді. Бір фильмнен шығып ,екінші фильмге барып, сол рөлін ойнап жүре береді және сол үшін ұялмайды. Бірақ олардың әр кейіпкерінің тарихы болуы керек қой. Батыс, оңтүстік, солтүстік адамдары басқаша сөйлейді.Кейіпкердің қай жақта туғанын сол сөйлеуінен-ақ танисыз. Біздің актерлерге сондай детальдармен жұмыс істеу жетіспейді", – деді Әсия Бақдәулет.


Оқи отырыңыз: Тарихи фильмдердің пайдасы қандай? Кинотанушы пікірі