Біз сияқты тарихын қағазға жазып, архив сақтамаған халық үшін тарихты визуалды түрде бекітіп қою өте маңызды, дейді кинотаншуы Әсия Бақдәулет. Маман бұл туралы Admin Anon Live подкастында айтты. Кинотанушы тарихи фильмдер түсірудің пайдасы жоқ екенін айтып, қарсы шығып жүрген киносыншыларға жауап берді.
"Олег Арестовичтің бір сұхбатын қарап отырсам, біз туралы аса жақсы білмесе де, "ТМД кеңістігінде өзінің ұлттық идентификация мәселесін шешкен, сол бағытта мемлекеттік тұрғыдан жүйелі түрде жұмыс істеген жалғыз ел – Қазақстан" деп айтады. Оны неге сүйеніп айтып отыр? Кезінде бәріміз сынаған "Көшпенділер" фильмінен басталған қазақтың ұлттық идентификациясын танытуға бағытталған фильмдер, әсіресе тарихи фильмдер легін қарап айтып отыр. Біз қанша сынасақ та, қалай болғанда да, әсірісе біз сияқты тарихын қағазға жазып, архив сақтамаған халық үшін тарихын визуалды түрде бекітіп қою өте маңызды", – дейді кинотанушы.
Сонымен қатар Әсия Бақдәулет тарихты фильмге айналдырудың маңызын түсіндіріп берді.
"Никола Макиавеллидің "Әмірші" деген кітабына редакция жасағанда киноның адамға әсеріне таңғалдым. Онда Италияның кішкентай қала-мемлекеттері, сондағы билік туралы айтылады. Netflix-тен "Magnificent medici" деген сериалды көргенмін. Кітапты оқып отырғанда кейіпкерлерді танып, актерлердің түрімен елестетіп отырдым. Яғни, мен сырттан келген адам ретінде барлық кейіпкерді актерлердің келбетімен елестетіп отырдым. Сол сияқты бізге сыртта келген адам Қасым хан, Жәнібек ханды қазіргі біздің актерлердің түрімен елестетеді. Біреулер біздің тарихымызды жоққа шығарғысы келсе, сырттан келген адам "жоқ, ол шын тарих" деп айта алады. Себебі, оның көзінде визуалды дәлел бар", – деді кинотанушы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда "Кішкентай самурай" жапон-қазақ фильмі түсіріліп жатыр