"Қорадағы малға қол салды". Жамбыл облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр
Тәртіп сақшылары болса, ұрлықтың ашылу деңгейі артқанын айтады.Жамбыл облысында төрт-түлігі көп ұрланатын Ақжар ауылының тұрғындары наразылыққа шықты. Айтуларынша, өрісті қойып малды қорадан қолды қылу мұнда әдетке айналған. Ендігі жерде қораға қонып жатпасақ басқа амал қалмады деген ел бұған тоқтам сұрап отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мал ашуы жанына батқан ауыл тұрғындары тәртіп сақшыларының құлықсыз қимылына наразы. Құзырлы органдардан күдер үзген олар күндерінің құмалақшыларға қарап қалғанын айтады.
"Үйімізден екі бас мал ұрланды. Полицияға шағымданып едік, кейін "ұры табылды" деп сүйіншіледі. Алайда, барсақ, "олар емес екен" деп шығарып салды. Құзырлы органдар жұмыс істемейді", – дейді Ақжар ауылының тұрғыны Ораз Мелдібек.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда мал ұрлығы күз бен қыста көбейеді – сараптама
Ауыл тұрғындары ұрлыққа тәртіп сақшыларының да қатысы бар деп күдіктенеді. Дегенмен, полиция департаментінің дерегі тұрғындар айтқан уәжге кереғар.
"Облыс аумағында ұрланған және жоғалған 781 бас малдың 139 басы жылқы, 97 ірі қара, 547 ұсақ мал. Яғни ұрланған малдың 59 пайызы егелеріне қайтарылды. Ашылу пайызы 55 тен 52,2 пайызға артты", – деген Жамбыл облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Қайрат Құжамқұлов тұрғындардан малды қараусыз қалдырмауын сұрады.