2022 жылы мал ұрлығы 32,7% азайып, 474-тен 319-ға қысқарды. Сондай-ақ, 573 бас мал иесіне қайтарылды, деп мәлімдеді ІІМ криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Серік Шалқаров.
"2021-2023 жылдары мүлікті қорғауға бағытталған жаңа бағдарламаны мақұлдадық және оны орындауға кірістік. Сондай-ақ, мал ұрлаудың алдын алуға бағытталған шаралар қарастырылған. Өңірлерде осы салаға қатысты шараларды бағыттап отыратын ведомство аралық топтар құрылды. Қылмыс көп аудандарға мобильді бекеттер қойылды. Бос жүрген малға арналған қорды көбейту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір бос жүрген малға арналған 817 арнайы орын бар. Бұдан өзге, 1 және 10 наурыз аралығында ІІМ "мал ұрлығы" кезекті жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуді ұйымдастырды. Оған 4 мың полиция қызметкері мен 308 ауыл шаруашылығы басқармаларының маманы жұмылдырылды. Жалпы кезеңде мал тасымалдайтын 15 220 автокөлік пен 6 525 сату орны тексерілді. Бұдан өзге, 11 875 шаруа қожалықтары мен жайылым учаскелерінде жұмыс жүргізілді", – деді Серік Шалқаров.
Департамент өкілінің мәліметінше, 248 мал ұрлығы ашылып, 221 адам ұсталған. Оның ішінде 30 топ бар. 886 бас төрт түлік мал заңды иелеріне қайтарылды (жылқы – 381, ІҚМ – 101, ҰММ – 404). Мұнымен қатар, ветеринария саласында 1 353 құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда бұл бұзушылықтар – мал мен ет өнімдерін тиісті құжаттарынсыз тасымалдау.
Оқи отырыңыз: Айыппұл артып, жаза күшейсе де, Қазақстанда мал ұрлығы неге тыйылмай тұр?
"Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Түркістан облысы Ордабасы ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан 5 адамнан тұратын қылмыстық топтың қызметі құрықталды. Олар жалпы 10 млн теңгеге шығын келтірген. 2022 жылдың ақпан айында қылмыстық іс сотқа жолданды. Сондай-ақ, наурыз айының басында Қарағанда облысында үш адамнан құралған топ құрықталды. Олар Шет ауданында атып алу арқылы ірі қара мен жылқы ұрлаған. Тексеру барысында олардан қару табылып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жалпы қабылданған шаралар арқасында соңғы 5 жыл – 2017-2021 жылдары аралығында мал ұрлығы 35%, 6,3 мыңнан 2,2 мыңға дейін азайды. Бұдан өзге, ұрланған мал саны шамамен екі есе – 20 мыңнан 9 мыңға дейін қысқарды", – деді департамент өкілі.
Мұндай ұрлық түрі биыл 32,7% азайып, 474-тен 319-ға қысқарған. Оның ішінде 44,1%-ы, 1 300 бастың 573-і иелеріне қайтарылды.
Оқи отырыңыз: "Жер берсе, субсидия сұрамаймыз". Мал баққан шаруаның мұңы қандай?
"Сараптама жасау кезінде қыс пен күзгі уақытта мал ұрлығының көбейетінін байқадық. Қысқа қарай барлығы малды бордақылай бастайды. Соғым сойып, қысқа азық дайындап жатқан кезде мал ұрлығы көбейеді. Малдың қысқа таман жайылымнан қайтпайтын кездері болады. Жаз бойы жайлауда жүреді де, қысқа қарай санына жете алмай қалады", – деп қосты Серік Шалқаров.
Еске салсақ, көршісінің 16 қойын ұрлаған Түркістан облысы тұрғынының ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 1 миллион теңге.