Қазақстанда Мұхаммед пайғамбардың өмірінен сыр шертетін көшпелі көрме өткізіледі. Оны Сауд Арабиясындағы Абдулазиз патшасының атындағы "Әлем мәдениеті орталығы" (Ithra) Алматы және Астана қалаларындағы музейлермен бірігіп ұйымдастырады. Бұл туралы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және умра министрі Тауфик бен Фаузан әл-Рабиа мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың кездесуі барысында белгілі болды.

Тараптар, сондай-ақ, екі ел арасындағы әуе рейстерінің жұмысы, туристік операторлардың байланысы, мәдени-танымдық нысандардың өзара ынтымақтастығы бойынша келісімдерге келді.

"Біз биыл саудиялықтарға елімізді насихаттау мақсатында екі мәрте роуд-шоу ұйымдастырдық. Қазіргі кезде Сауд Арабиясы Корольдігінің азаматтары Қазақстанға визасыз келіп, бір ай бойы демала алады. Өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда елімізге саяхаттап келген саудиялықтардың саны екі есе өскен. Қазақстанның табиғаты, жыл мезгілдері туристер үшін қолайлы. Сондықтан туризмді дамыту мақсатында бірігіп жобалар әзірлеуге дайынбыз", – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.


Оқи отырыңыз: Мұсылман құқығы мен тарихи жылнама. Қолжазбалар орталығындағы ең көне 12 кітап