Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы 2017 жылы 10 маусымда EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында ашылған болатын. Орталықтың басты қызметі – ел аумағында және шетелде сақталған Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысы бар қолжазбалар мен сирек кітаптарды анықтау, жинау, толықтыру мен сақтау.
Ұлттық орталықта XIX-XX ғасырларға тиісілі 316 сирек кітап бар. Жалпы, қорда сақталып отырған кітап саны 11 мыңға жуық. Қасиетті Құран кітабынан бастап, хадистер жинағы, ислам құқығына қатысты кітаптар, әл-Фарабиден бастап Алаш қайраткерлеріне дейін әр кезеңге тиісілі құнды еңбектер сақтаулы.
Орталықтың баспасөз қызметі арнайы Informburo.kz оқырмандары үшін мұрағаттағы ең көне 12 кітап туралы қысқаша мәліметті ұсынып отыр.
№1. "Әл Мабсут" кітабы
Еңбек XI ғасырдың екінші жартысында жазылған. Орта ғасырларда танымал болған бұл кітаптың авторы – шейх Шамсуддин Сарахси. Кітап араб тілінде жазылған және мұсылман құқығы жайында көптомды құнды кітап боп саналады. Бұл еңбекте қараханидтер дәуіріндегі ханафи мен шафиит мәзһабына, сондай-ақ, аз-кем малики мәзһабына салыстырмалы талдау жасалады. Құнды еңбек дін қайраткерлері мен шариғат үкімдерін шығаратын судьяларға арналған.
Кітап авторы Сарахси Қараханидтер мемлекетінің орталығы саналған Узганд (Үзген) жазығында өмір сүрген. Ұлттық орталықта сақталған еңбек хижра жыл санауы бойынша 1324 жыл (1906 жыл) баспадан басылып шыққан.
№2. "Уафийятул а’ийянуа-әнба' әбна' әз-заман" (Танымал адамдардың өлімі мен қазанамалар, олардың замандастары туралы қысқаша мәліметтер)
Кітап 1256-дан 1274 жылға дейін жазылған. Оның авторы – Ибн Халикан (1211-1282 жылдар) Шамсуддин Ахмад ибн Мұхаммед ибн Ибрахим ибн Әбу Бәкір ибн Халикан Бармаки әл Ирбили Ирактың солтүстігінде дүниеге келіп, Сирия мен Мысырда тұрған. Шәкірт тәрбиелеген, кітап жазған. Ол әдебиеттанушы, тарихшы, құқықтанушы болған. Аталған кітапты жазып, елге танылған. Бұл еңбек тараджим ғылымы саласындағы ең танымал кітап саналады. Онда әліпби бойынша мұсылман әлемінің әйгілі тұлғаларының есімдері, олардың өмірбаяны мен өмір сүрген жылдары, қызметі келтірілген. Бұл кітаптың тарихшылар, мәдениеттанушылар мен жалпы ислам әлеміне қызығатын азаматтар үшін маңызы зор.
№3. "Зубдату Нихайя ли Умдатул Риайя"
Кітаптың жазылу уақыты – ХІХ ғасырдың екінші жартысы.
Кітап авторы – Убайдолла Махбуби, комментарий жазған Абдул әзиз Лахнави (1274-1346 жылдар) "Мұхтасар әл Викайя" кітабының авторы болған, бұл тұста бұл еңбек "Садр Шариа Авал" ретінде елге танылған атасының жазып кеткен "әл Викайя" кітабының қысқартылған нұсқасы саналады. Мұсылман құқығы, шариғат заңы жайындағы кітап ханафиттік құқық мәселесін зерттейтін теологтар мен діни оқу орындарының студенттеріне таптырмас дүние.
№4. "Шарх Мұхтасар әл Викайя"
Шығармаға комментарий жазу кезеңі – XVI ғасыр соңы. Авторы – Убайдолла ибн Масуд ибн Махмұт ибн Ахмад әл Махбуби. Кітапқа комментарийді Мәулана Әли Кари (XVI ғасыр) мен Мәулана Ілияс (Мәулави Фахруддин XVI-XVII ғасырлар) жазған. Бұл еңбек мұсылман құқығына (фикх) қатысты әрі құлшылық, ораза, қажылық, отбасылық келісімдер және өзге мәселелерді қамтиды. Бұл кітаптың арқасында жалпы мұсылман құқығының дамуын зерттеуге болады. Ұлттық орталықта 1908 жылы Қазан қаласында шыққан нұсқасы сақталған.
№5. "Ас Салис мин әл Арбаинат мутасалсилати фил хадиси әл мунтахаб мин сунан арбаа"
Шығарманың жазылу уақыты – 1910 жыл. Авторы – Ғалымжан Буриди Ғалеев, 1857-1921 жылдары өмір сүрген татар ғалымы, теолог, дінтанушы, қоғам қайраткері. Бұхарада білім алған, елге оралған соң "Мухаммадийя" медресесін ашқан. Бұл медресе әлі күнге дейін бар. Еңбек авторы теология жөнінде көптеген кітаптар жазған. Бұл еңбек хадистер жинағы, яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) Мұхаммедтің сөзі немесе істеген амалына негізделген. Барудидің кітабында төрт бірдей хадистер жинағынан, атап айтсақ, ат Термези, Әбу Дауд, Насаи мен Ибн Мәжаның еңбектерінен үзінділер келтірілген. Оның ішінде Термезиден 40 хадис, ибн Мәжадан 40 хадис кірген, онда әр түрлі тақырыптар, атап айтсақ, иман келтіргендердің дәрежесі, жамағатпен намаз оқу, этика мен тәртіп ережелері, күнә және тағы басқа айтылған.
№6. "Ахтаруль Кабир"
Бұл кітап Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында реставрациядан өткен. Еңбек XVI ғасырға тиісілі. Авторы Мұсалихуддин Мұстафа ибн Шамсуддин Ахмад Ахтари. Ол Осман империясын Сұлтан Сүлеймен басқарған тұста (1520-1566 жылдар) өмір сүрген. Ахтари араб-түрік (Ахтаруь Кабир) сөздігін жазып, танымал болған. Ұлттық орталықта сақталғаны – 1903 жылы Қазан қаласында шыққан еңбегі.
№7. "Фатауайя әл Хиндийя" (Аламкарийя)
Еңбек XVII ғасырда жазылған. Авторлары Низумеддин әл Барнахабуридің (Бұрханфури) жетекшілігімен кітап жазған Үндістанның бір топ ғалымдары. Бұл кітапта мұсылман құқығына қатысты әртүрлі пәтуалар келтірілген. Ол Әбу Ханифа мәзһабындағы құқық мәселелерін қамтыған әд Дамашкидің кітабымен қатар жүретін маңызды еңбектердің бірі саналады.
№8. "Шурух уа Хауаши әл Акаид ән Насафи ли Ахла Сунна уа жәма әл Матуридийя уа Ашаира"
Нассафидің авторлығымен кітап XII ғасырда жазылған, ал комментарийлер әр кезеңде, XIV бастап, XVI ғасырға дейін жазылған. Кітаптың бірыңғай жинаққа айналған кезеңі ––XVII-XVIII ғасырлар. Кітап авторы – Нәжмуддин Әбу Хафс ән Насафи, ислам ғұламасы, теолог.
№9. "Хашийе шарх әл Акаиду аздийя" (Адуддийя) немесе "әл Ханакахи"
Жазылу кезеңі – XIV ғасыр. Авторы – Азадуддин (Ададуддин) Иджи. Комментарийін Мулана Ахун Йусуф ибн Мұхаммеджан Карабаги жазған.
Азаддин Иджи (1281-1355 жылдар), мұсылман философы, теолог. Ол матуриди теологиясын жүйеледі, перепатетизм (пәлсапа) негіздерін күшейтті. Иджи теологиялық танымға әл Фараби мен ибн Синаның философиялық концепциялары мен дәйектерін кіргізді. Ұлттық орталықта сақталғаны 1871 жылы шыққан еңбегі.
№10. "Әлішер Науаидің өлеңдері"
Қашан жазылғаны белгісіз. Низамеддин Мір Әлішер Науаи (1441-1501 жылдар) шағатай және парсы тілдерінде жазған ақын, философ, мемлекет және қоғам қайраткері. Бұл кітап шағатай тілінде жазылған.
№11. "Тарих Түрк Шажарасы" (Тарих шажараи ат Түрк)
XIV-XVI ғасырлардағы Қазақстан мен Орта Азия тарихына қатысты маңызды әрі құнды кітап. Кітап авторы – Әбілғазы Бахадурхан (1603-1664 жылдар) танымал тарихшы, ғалым, саяси және қоғам қайраткері. Бұл кітап 1925 жылы Ыстанбұлда басылған. Еңбек Қазақстан мен қазақ хандығы, Жошы ұлысының тарихына қызығатын зерттеушілер үшін аса маңызды.
№12. "Диуан Лұгат ат Түрк"
Авторы Махмұд Қашқари (1028-1126 жылдар) қазіргі Қырғызстан территориясындағы Барсхан қаласында туып, Қашқарда дүниеден озған. Танымал түркітанушы, философ, лексикограф. Бұл түркі тілдерінің жинағы алғашқы түркі энциклопедиялық жинағы саналады. Ұлттық орталықтағы кітап 1915 жылы Ыстанбұлда басылып шыққан.