Қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" ХІ республикалық турнирі 3 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласындағы "Барыс-Арена" мұз сарайында өтеді, деп хабарлады Qazaqstan Barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қорының баспасөз қызметі.

Турнирге 36 балуан қатысады. Олар сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан, облыстық (қалалық) деңгейдегі және күштік құрылымдар желісі арасында өткен жарыстарда 5 мың спортшы арасында іріктеуден өткен. Ақтық сынға қатысатын балуандар арасында бұған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаевтар бар.

Қордың баспасөз қызметінің ақпаратынша, 2021 жылдың жеңімпазы Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турниге қатыспайтынын мәлімдеген. Сондай-ақ, екі дүркін "Қазақстан Барысы" атанған Айбек Нұғымаров спорттық жолын аяқтағанын ресми түрде  жариялады.


Оқи отырыңыз: Абаев: Қазақ күресі мектеп бағдарламасына енгізіледі


Биылғы турнирдің ерекшелігі – Қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты "бүк" ұпайынсыз өтеді.

Турнирдің жүлде қоры:

  • Жеңімпаз балуанға – 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен ауыспалы алтын "тайтұяқ";
  • Екінші орынға – 5 500 000 теңге және күміс белбеу;
  • Үшінші орынға – 1 800 000 теңге және қола белбеу.

Турнир Qazaqstan, Qazsport арналары арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.