Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова қазақстандық кинотеатрларда +18, +21 санаттарына жататын фильмдер заң талабына сай, кешкі 22.00-ден бастап емес, 18.00-ден бастап көрсетіліп жатқанын сынға алды. Ол бұл туралы мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа және бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.

"Дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан "Пацанская история" фильмі +21 санатына жатады. ҚР кинематография туралы Заңының 8-бабының 3-тармағында "ҚР аумағында "21 жастан бастап" жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22:00-ден кейін таңғы 06:00-ге дейін прокаттауға жол беріледі" деп нақты көрсетілген. Ал бұл фильмдер кинотеатрларда кешкі сағат 18:00-ден бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көруде. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе-көрінеу заңды белден басу ма?" – деді Мақпал Тәжмағамбетова.

Информбюро "Тикетон" сервисінде "Пацанская история" фильмінің бүгінгі кестесіне шолу жасады. Сервис мәліметінше, заң талаптарын сақтамай отырған кинотеатрлар: Алматы қаласындағы "Цезарь 3Д", Lumiera Cinema, "Арман 3Д", Астанадағы Arman Asia Park және Қостанайдағы "Арман 3Д" кинотеатрлары.

"Тикетон" сервисінен скриншот

Оқи отырыңыз: Дулыға Ақмолда: Режиссер болып туу керек, ал қазір әнші де, күйші де кино түсіріп жатыр


Депутат, сондай-ақ анайы, балағат сөздерге толы кинотуындылардың біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологияға, мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатқанына назар аударды. Тіпті, киноларды шектегеннің өзінде олардың эпизодтары әлеуметтік желі арқылы кеңінен таралады.

"Рухани ұстынымызды қайтсек түгендейміз деп жүргенде, ұрпақты дүбәра қылатын мұндай насихат жаудан да қауіпті болып тұр. Дамитын елде мәдениет қоғамдағы былықтың айнасы емес, ұлт руханиятына қызмет ететін құндылық болуға тиіс", – деген Мақпал Тәжмағамбетова төрт ұсынысын жеткізді:

  • Киноны кинотеатрларда көрсетілу барысында заң талаптарының бұзылуына жол берген тиісті мекемелерді Прокуратура тарапынан тексеру және тез арада жауапқа тарту;
  • Кино саласын жіті қадағалауға алу, қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат тұрғысынан прокатқа шығатын фильмдерге талапты күшейту;
  • Кинематография туралы заңды әлі де зерттеп, ұлттық құндылықтар мен идеологиялық мәселелер тұрғысынан күшейтіп, нарық талаптарына сай механизмдерді қарастыру;
  • Әлеуметтік желідегі жарияланымдарға, театрға және басқа да қоғамдық орындарда көпшілік қауымға арналған қойылымдарға сахна әдебіне қатысты заң талаптарын күшейту.