Тікелей эфир

Дулыға Ақмолда: Режиссер болып туу керек, ал қазір әнші де, күйші де кино түсіріп жатыр

Сурет: "Қара қыз" фильмінің түсірілім тобы
Сурет: "Қара қыз" фильмінің түсірілім тобы
Актер өнер не саясат болсын, әркім өз ісімен айналысуы қажет деп есептейді.

Кино және театр актері Дулыға Ақмолда соңғы түскен кино туралы әңгімелеп, жас режиссерлердің жұмысына тамсана қарайтынын айтты. Мұнымен қатар, ол бұл сұхбатта жаңа қызметі, өнер саласындағы жетістіктері мен қателіктері туралы әңгімеледі. 

– Бүгінгі Дулыға Ақмолданың қалыптасуына өміріңіздегі қандай оқиғалар әсер етті?

– Мен үшін өзімді "қалыптасып үлгерген тұлға" деп атау ауыр әрі тым ерте. Бірақ, кім болса да, өз ісінің кәсіби маманы болуы керек деп білемін. Қазір "Жаңа Қазақстан орнатамыз" деп жиі айтамыз. Бірақ, соның ар жағында шешімін таппаған бірнеше мәселе бар. Әркім өз ісімен айналыспайды. Осы мәселе бізде ақсаңқырап тұр. 

– Актер кәсібіне бала қылығыңызды ала келдім деп ойлайсыз ба?

– Расымен де, бала мінез актермен өмір бойы қатар жүруі керек. Бала ешуақытта өтірік айтпайды, өзінің ісіне толық сенеді. Актер де дәл осылай көрерменді өз кейіпкеріне сендіре алмаса, алдаған болып шығады. Одан толыққанды жақсы кейіпкер шықпайды. Мейлі, үлкен-кіші, армандаған немесе ұсынылған рөл болсын. 


Оқи отырыңыз: Әбдіуақап Қара: Мұстафа Шоқайды cатқын дейтіндер әлі де көп


– Сіз армандаған, бірақ өзіңіз іштей дайын емес рөл бар ма?

– Өзімді сынап көргім келетін рөл болса да, ешуақытта қандай да бір кейіпкерді сомдауды жата-жастана армандаған жоқпын. "Осы рөл неге маған бұйырмады?" деп қасірет шеккен емеспін. Керісінше кішкентай рөлден үлкен кейіпкер жасауға тырысамын немесе жүктелген жүкті көтере алмайтын кездер болады. Құдайға шүкір, театр мен кинода бірталай рөлді сомдап көрдім, бірақ қайсының сәтті не сәтсіз шыққанын айта алмаймын. Әділ бағаны тек көрермен бере алады. 

– Қазір көптеген актер режиссерлікке ауысып, болмаса қос саланы қатар алып жүр. Фильм түсіру ойыңызда бар ма?

– Қазір әнші де, күйші де кино түсіріп жатыр. Меніңше, режиссер болып туу керек. Әзірге актерліктің шыңына жетсем бе деймін. Бірақ, кино түсіруге де мүлдем қызықпаймын деп айта алмаймын. 

– Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ бересіз. Қазір актерлерге қандай білім мен пән керек?

– Бұл мамандыққа биыл ғана келіп жатқандықтан, өзімді ұстаз деуге әлі ерте. Ұстаздыққа келгенде "үйрету" деген сөзден қашып, тек тәжірибемен бөлісуге ұмтылғанымыз абзал. Бар болғаны шәкірттеріме өзім ұстаздардан алған тәжірибемді берсем деймін. Менің және әріптестерімнің қателігін қайталамауы үшін барымды саламын.


Оқи отырыңыз: Суретші Есенгелді Тұяқов: Сценографтың жұмысы театр сахнасында қалып қоймауы қажет


– Өнердегі ең үлкен қателігіңіз қандай?

– Қателіктен гөрі өкінген сәт болды дегенім дұрыс шығар. Мысалы, сериалдың сценариін алдын ала толық оқып шығуға мүмкіндік жоқ. Түсірілімнің ортасына келгенде бәрі өзіңіз ойлағандай болмауы мүмкін. Жалпы менің фильмге түсуге келісім беруім үшін мені рухани азықтандыратын дүние болуы керек. 

– Қазір түсіп жатқан "Қара қыз" фильміндегі кейіпкеріңіз туралы айтып беріңізші. Кейіпкердің болмысы сізді қанағаттандырды ма?

– Фильмде Бекжұма есімді бригадирдің рөлін сомдаймын. Жағымсіз кейіпкер болса да, мен олай есептемеймін. Өйткені, ол бір ауылда коммунистік партия жолындағы өз қызметін атқарып жүрген адам. Сол кездегі идеологиямен өмір сүріп, кейін ақ-қараны ажырата бастайды. Фильм сол кездегі Бекжұма секілді бригадирлердің де өмірі қиындыққа толы болғанын көрсетеді. 

– Режиссер талғайсыз ба?

– Маған қазіргі отандық және шетелдік жас режиссерлердің жұмысы өте қызық. "Жап-жас бала не түсіреді дейсің" деп ұсыныстан бас тартқан, кеудесінен итерген кезім болмады. Олардың өзіндік ойы, жастармен бірге жұмыс істеу өте қызық. Заманауи көзқарастары ерекше ұнайды. Әсіресе, жас студенттердің диплом жұмысы өте сәтті шығады.  

Серіктестер жаңалықтары