Бүгін Түркістан қаласында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қою рәсімі өтті.

Фото: ҚМДБ ресми сайты

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бұл мемлекет басшысының үлкен аманаты екенін айтып, ер түріктің бесігіне баланған Түркістан үшін тарихи оқиға екенін атап өтті.

"Осы жылдың маусым айында бабамыздан жеткен құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдап алып, бүгін сол бір бабаларымыздың көзі болған құнды мұра жеті ғасырлық тарихы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылғалы тұр. Құнды жәдігердің Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне қойылуы дәстүрлі дініміздің мәртебесінің артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген ойдамыз", – деді ҚМДБ төрағасы.


Оқи отырыңыз: Бас мүфти Кенесары ханның Құраны жайлы: Кітапта қазақтың екі ірі тұлғасының мөрі бар


Бас мүфти құранды "Әзірет Сұлтан" қорық-мұражайының директоры Жеңісбек Мәуленқұловқа табыстап, кітап кесенедегі үлкен "Ақсарай" бөлмесіне қойылды.

Фото: ҚМДБ ресми сайты