"Каникулға шыққысы келмейтін оқушылар бар". Ғани Бейсембаев оқу жылын ұзарту жайлы
Ғани Бейсембаев кітапты ерте тапсырып, демалысқа ерте шығып кеткен мектептер жазаланатынын жеткізді.Журналистер үкімет отырысынан кейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан оқу жылының ұзартылуы туралы пікірін сұрады. БАҚ өкілдерінің айтуынша, мамыр айында елдегі кей мектептерде сабақ дұрыс өткізілмейді, тіпті оқу жылы аяқталмай жатып, кітап өткізіп жатқан сыныптар бар.
"Алматы облысындағы мектепте мұғалім, директордың орынбасары, директор болып жұмыс істедім. Бұл мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мұғалім жақсы оқытса, оқушылар оның артынан жүгіреді. Демалысқа шыққысы келмейтін балалар бар. Сонымен қатар білім беру стандарттары, заңнамалық нормалар бар. Әр мектеп стандартқа сай болуы керек. Бұған қаржылай заңбұзушылықтар кіреді, өйткені мұғалімдер жалақысын сағатына қарай алады. Стандарттар орындалмаса, түсіндіру шаралары қолға алынады", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Оқу жылы 31 мамырда аяқталады, емтихандар 2 маусымда басталады
Ғани Бейсембаев кітапты ерте тапсырып, демалысқа ерте шығып кеткен мектептер жазаланатынын жеткізді. Алайда бұл жағдайда қандай жаза көзделгенін ашып айтпады.