Тараз халқы тағы да "түрме заңына бағынбаймыз" деп шу шығарды. Олар қала ішіндегі түрмеде қолданылатын байланысты тұншықтыратын қондырғылардың зардабын көріп отырғанын айтады. Бұл қондырғылар тек түрме ішінде ғана емес, төңіректегі байланысты да үзіп тастайды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Тұрғындар ұялы байланыс пен интернеттің болмауына түзету мекемесіндегі байланысты тұншықтыратын қондырғы себеп екеніне сенімді. Тіпті, бір айда бірнеше рет бас көтерген бұқара бұл жолы колонияға баса-көктеп кірмек болған. Олардың жалғыз талабы – ұялы байланыс пен интернеттің сапалы болуы. 

"Қазір бәрі интернетпен байланысты. Кеше, мысалы, 2 жасар қызымның температурасы 40-қа жеткенде жедел жәрем шақыра алмадық", – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ұлдыкүл Дүйсенбетова.

Тұрғындар ай сайын түрме алдына аттандап шығып, айғайға басу әдетке айналғанына ашынады. Бірақ, одан шыққан нәтиже нөл деп налиды.

"Түрмені құрту керек. Балалар сабақ оқи алмайды. Түнде қайтқанда қараңғы, неше түрлі оқиғалар болады. Байланыс ұстамайды, не жедел жәрдем келмейді. Сонда біз қандай халық болдық? Он күннен бері байланыс жоқ. Ешкіммен хабарласа алмаймыз", – деді қала тұрғыны Әлия Мырзахметова.


Оқи отырыңыз: Тараз тұрғындары түрмелерді қала аумағынан шығаруды талап етіп отыр


Тараз қаласының тұрғыны Толқынай Болтаева ауыр қылмыс жасаған адамдар отырған түрме қаланың ортасында тұрмау керек екенін айтып отыр. Арна тілшісінің сөзінше, осыған дейінгі шудан дым шықпаған соң жұрт бұл жолы талабын тыңдатуға табандап тұрды. Ішке енуге талпынып, кірген-шыққан көліктің алдын кес-кестеп тұрып алды. Ақыры жауапты мамандар жұбату сөзін айтуға көнген.

"Бұл құрылғылардың бәрі құзырлы орган басшыларының тапсырмасымен қойылған. Оны орындауға біз міндеттіміз. Халықтың шулауына негіз жоқ. Мәселені реттеу үшін арнайы мердігер мекемені шақырдық", – деп жауап берді Жамбыл облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Еркін Нұрбаев.

Алайда, шақырған мамандары байланыстың шамадан тыс шектелгенін айтып отыр. Жауаптылар жақын арада жағдайды реттеуге тағы бір мәрте уәде етті.