Көлік министрлігі автокөлігіне газ баллонын қойдырған жүргізушілерді техникалық байқаудан өту кезінде газ баллон қондырғысын уақытылы сынақтан өткізгенін айғақтайтын куәлікті тапсыру міндетінен босатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы көлік министрі бұйрығының жобасынан белгілі болды.

Уақытша жеңілдікті беруге көліктегі газ баллоны қондырғысын сынақтан өткізуге рұқсаты бар ұйым санының тым аздығы себеп болған. Бүкіл Қазақстанда бар болғаны мұндай 7 мекеме (Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау және Қостанай қалаларында) болса, 15 өңірде мүлде жоқ. 

Сәйкесінше, көлік жүргізушілері бұл талапты орындаудан 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін босатылады. Дегенмен, техникалық байқау барысында газ баллон қондырғысының жай-күйін тексеру бойынша өзге талаптардың бәрі сақталады. 


Оқи отырыңыз: Айыппұл төлемес үшін көлікке газ қондырғысын қалай орнату керек?


Көлік министрлігі 2025 жылға дейін республика бойынша газ баллон қондырғысын сынау бойынша аккредиттелген мекемелер санын көбейтуді жоспарлап отыр. 

Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 25 қыркүйекке дейін.