Тікелей эфир

Айыппұл төлемес үшін көлікке газ қондырғысын қалай орнату керек?

Рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк жүргізушілерге 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

Қаңтарда газдың бағасын өсіруге 180 күнге мораторий жарияланды. Ал 8 ақпанда премьер-министр Әлихан Смайылов газ бағасы 2024 жылға дейін қымбаттамайды деп мәлімдеді. Яғни, газ екі жыл 50-75 теңге аралығында сатылады. Сондықтан көлік иелері үшін газ қондырғысын орнату тиімді болып отыр. Informburo.kz заң тұрғысынан көлікті газға қалай ауыстыру керек деген сұраққа жауап іздеді. 

Газбаллон қондырғысын орнату заң бойынша көлікті қайта жабдықтауға жатады. Қайта жабдықтау дегеніміз – жол жүрісі қауіпсіздігіне ықпал ететін, көлік құралының конструкциясында көзделген құрамдас бөліктер мен жабдық бұйымдарын алып тастау немесе көзделмегендерді орнату. 

Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне сәйкес, көлік құралының конструкциясына өзгертулер енгізу, соның ішінде күндізгі жарық шамдары мен металл конструкцияларын орнату және басқа да қайта жабдықтау түрлері әкімшілік полиция рұқсатымен және қадағалауымен жүзеге асырылады.

Көлік құралына газ қондырғысын орнатуға рұқсат алу үшін еGov порталы арқылы немесе жазбаша түрде әкімшілік полицияның аумақтық бөлімшесіне жүгінуге болады.

Көлік иесі әкімшілік полиция басқармасының аумақтық бөлімшелеріне өтініш бергенде келесі мәліметтерді көрсетеді: 

  • базалық көлік құралының маркасы, моделі;
  • көлік құралының шығарылған жылы;
  • базалық көлік құралының мемлекеттік нөмірлік белгісі;
  • конструкцияға өзгерістер енгізудің мәні бойынша дәлелді ұсыныс;
  • пошталық мекенжай (жеке тұлғалар үшін);
  • өтініш берушінің қолы.

Егер заңды тұлға болса жоғарыдағы мәліметтермен қоса:

  • ұйымның реквизиттері;
  • заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің нөмірі және берілген күні;
  • ұйымның мөрімен куәландырылған және ұйым басшысының қолы қойылған өтінішті рәсімдеу күні.


Оқи отырыңыз: Газ бағасы 2024 жылға дейін қымбаттамайды


Әкімшілік полиция басқармасының аумақтық бөлімшесі өтінішті қарау нәтижелері бойынша көлік құралының конструкциясына тиісті өзгерістер енгізу мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды. Оң шешім қабылданса қажет болған жағдайда мыналар көрсетіледі:

  • көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізу және техникалық регламент талаптарына сәйкестігіне бағалау жүргізу тәртібі;
  • көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізу мүмкіндігіне алдын ала техникалық сараптама жүргізу қажеттілігі.

Көлік қайта жабдықталса, ол туралы ақпарат көлік құралын тіркеу туралы куәлікке енгізіледі. Куәлікке өзгерістер енгізу үшін көлік иесі қайда жабдықтау түрі көрсетілген өтінішпен әкімшілік полицияға жүгінеді. Жазбаша жауап алғаннан кейін азамат көлік құралын қайта жабдықтауды жүзеге асыратын материалдық базасы және білікті мамандары бар ұйымға (кәсіпорынға) барады.

Одан кейін әкімшілік полиция қызметкерінің (техникалық инспекция) көлік құралын тексеріп, оның иесіне орнатылған газбаллон қондырғысы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіні туралы куәлік беріледі. Бұл ретте конструкцияның қауіпсіздігін тексеру хаттамасын, көлік құралының конструкциясына (қажет болған жағдайда) өзгерістер енгізу мүмкіндігі тұрғысынан конструкцияға алдын ала техникалық сараптама қорытындысын және тиісінше аккредиттелген ұйымдар мен техникалық байқау орталықтары беретін диагностикалық картаны ұсыну қажет.

"Әкімшілік басқарма бастығының атына автомобильдің қандай қондырғыларына өзгерістер енгізетінін көрсете отырып арыз жазады. Біз ол адамға қандай қадамдар жасау керек екені жөнінде екі күн ішінде түсініктеме береміз. Арызды жазбаша түрде немесе электронды түрде жолдауға болады. Газ қондырғысын мамандандырылған техникалық қызмет көрсету станцияларында орнатады. Содан соң сертификаты бар өндірістік базалаларда білікті мамандарға тексертіп, қозғалуға қауіпсіз деген қорытынды алады. Сынақ хаттамасын алып, қағаздарын жинап еGov порталы арқылы не бізге әкеліп тапсырады. Қорытынды алған соң мамандандырылған ХҚКО-ға барып көліктің техникалық төлқұжатын ауыстырады. Мұны заңдастырмаса айыппұл салынады", – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Аманбек.


Оқи отырыңыз: Көлік жүргізушісі қандай жол ережелерін бұзса, куәлігінен айырылады? 


Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 7-тармағына сәйкес, тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару 15 АЕК (45 945 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.Егер азамат газбен жүретін көлік айдаса, бірақ көлік құралын тіркеу туралы куәлікте тиісті белгі болмаса жоғарыда көрсетілген рәсімдерді жасап, көлік құралының конструкциясындағы барлық өзгерісті куәлікке енгізу керек.

"Газ қондырғысы заңсыз орнатылса, яғни техникалық төлқұжатында белгі жоқ екені анықталса инспектор көлік иесін әкімішілік жауапкершілікке тартады. Оны өз бетімен қоюға болмайды. Сертификаты бар, рұқсат алған мекемелерге барып орнату керек. Бұл көлікке бір жағдай болса бәрін тексеріп, қандай ақау кеткенін анықтау үшін қажет", – деді Нұрлан Аманбек.

Әкімшілік полиция басқармасының басшысы соңғы кезде көлікті газ қондырғысына ауыстыру туралы арыз берушілер қатары көбейгенін айтып отыр.

"Газ қымбаттап, 120 теңгеге көтерілген кезде арыз беретін адамдар азайып еді. Ол кезде көліктен газ қондырғыларын алып тастау бойынша да жағдайлар кездесті. Нарықта газ бағасы түскеннен кейін газ қондырғысына ауыстырушылар саны артып келе жатыр", – деді Нұрлан Аманбек. 

Серіктестер жаңалықтары