Еуропалық Одақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізетінін жариялады.

"Ол қаржы, энергетика, көлік және ресейлік элитаға виза беру сияқты салаларға әсер етеді", – деді Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен бүгін Брюссельде өткен кездесуден кейін.

Еурокомиссия төрайымының айтуынша, бұл шаралар Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуға арналған технологияларды немесе ұшақтардың қосалқы бөлшектерін сатып алу мүмкіндігін жояды.


Оқи отырыңыз: "Ұйқыға бейбіт Украинада жатқан едік". Киев тұрғыны қаладағы ахуал туралы баяндады


"Бүгін түнде мақұлданған ауқымды және мақсатты санкциялар пакеті ЕуроОдақтың қаншалықты біртұтас екенін көрсетеді", – деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.

Ал Франция президенті Эммануэль Макрон Украинаға 300 миллион еуро көлемінде қаржылай көмек пен әскери техника беретінін айтты. Санкциялар Ресей газының Еуроодаққа импортына қолданылмайды. Урсула фон дер Ляйен Еуропаны ресейлік энергетикаға тәуелділіктен арылту жолдары қарастырылып жатқанын айтты.