"Ешбір сөз жұбата алмайды". "АрселорМиттал Теміртау" ұжымы марқұм кеншілердің отбасына көңіл айтты
20 тамыз "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында қаралы күн болып жарияланды."АрселорМиттал Теміртау" басшысы қаза тапқан кеншілердің отбасына көңіл айтып, жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ 19 тамыз түнде бесінші кеншінің денесі табылғаны хабарланды.
Ертеректе хабарланғандай, апат кезінде "Қазақстан" шахтасында 227 қызметкер болған. Олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, 5 адам көз жұмды.
Компания көз жұмған кеншілердің есімін жариялады:
1. Стешин Денис Геннадьевич, 1978 ж.т., 4 разрядты жерасты үңгушісі, еңбек өтілі 21 жыл;
2. Халиков Артур Ринатович, 1994 ж.т., 4 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 10 жыл;
3. Бургун Виктор Сергеевич, 1966 ж.т., 5 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
4. Слюньков Виталий Владимирович, 1965 ж.т., 5 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
5. Старовойт Илья Александрович, 1996 ж.т., 3 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 4 жыл.
"Бұл апаттан мен қатты күйзеліп тұрмын. Біз шахталардың қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жүйелі түрде жұмыс істедік, ал бұл апат біздің барлық күш-жігерімізге үлкен зиян келтірді. Қазір айтуға болатын ешбір сөз жақындарынан айырылған отбасыларды жұбата алмайды. "АрселорМитталТеміртау" атынан бұл апатқа және шахтадан қызметкерлердің барлығын сәтті эвакуациялай алмағанымызға үлкен өкініш білдіремін. Біз зардап шеккен отбасыларды қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір біздің бар ойымыз әріптестеріміздің отбасыларымен бірге және оларға қажетті қолдауды барынша көрсетеміз", – деді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов.
Мұнымен қатар ол тергеу жұмыстарының жалғасып жатқанын айтты.
Еске салсақ, 17 тамыз сағат 10.05-те "Қазақстан" шахтасында Д6 (горизонт-170 м) көмір еңісін қазып жатқан конвейер таспасы өртенді. Өрт кезінде шахтада болған 227 адамның 222-сі жер бетіне аман-есен шығарылды. Бес адам жер астында қалды. Кейін құтқарушылар олардың үшеуінің денесін тапты.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан" шахтасынан төртінші кеншінің денесі табылды
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов 19 тамызда қайғылы оқиға болған шахтаға келді. Шахтинск жиналысында ол "АМТ" компаниясының жұмысшылар қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпей, пайда табуға ғана назар аударылғанын айтты.
Үкімет басшысы қаза тапқандардың барлық отбасыларына мемлекет пен жұмыс берушіден жәрдемақы, тұрғын үй, оқу ақысы, жұмысқа орналасу және кредиттерді өтеу сияқты қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.