Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты тек конкурстық негізде жасалады
Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік конкурсы цифрлық форматқа көшті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту департаменті директорының орынбасары Әлішер Шаяхметов мәлімдеді.
Цифрландырудың арқасында конкурстық үдерістер жеңілдетіліп, қатысушылар үшін ашықтығы мен теңдігі қамтамасыз етілмек. Жаңа жүйе мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуына оң ықпал етіп, инвестициялық тартылымдылықты жақсартуы мүмкін.
"Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыратын бірқатар түзету қабылданды. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарт жасасу тек конкурстық негізде жүргізіледі. Сол сияқты жоспарлау және конкурстық іріктеу рәсімдері цифрлық форматқа көшірілді. Мемлекеттік сатып алуды айналып өтуді болдырмау мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары үшін инвестициялық және пайдалану кезеңдерін іске асыру бойынша міндетті талаптар белгіленген", – деді Әлішер Шаяхметов.
Оқи отырыңыз: Депутат ірі сауда үйіне бойкот туралы: Бұл тек Еңбек кодексі аясында реттелетін дүние
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Жоспардың жүзеге асуы мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің жаңа жобаларын енгізіп, оларды тиімді басқару арқылы мүмкін болады деп күтілуде.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік заңнамасына тәуелсіз талдау жүргізуге Азия даму банкінің халықаралық сарапшылары тартылды. Есеп қорытындыларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңның халықаралық стандарттарға сәйкестігі расталды", – деп қосты Әлішер Шаяхметов.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік маңызы бар дәрілердің ҚҚС-тан босатылған тізімі жасалады – Жұманғарин