Эльвира Ибрагимова: Гипертензия, қант диабеті және семіздік ауруы барлар коронавирусты ауыр өткеріп жатыр
Қоғамдық денсаулық басқармасының орталық қалалық клиникалық ауруханасында 500-ге жуық науқас ем алуда.Covid-19 жұқтырғанға дейін әртүрлі созылмалы ауруы болған азаматтар коронавирусты ауыр өткеріп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының орталық қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова мәлімдеді.
"2 жыл ішінде Алматы қаласындағы орталық қалалық клиникалық ауруханасы шамамен 50 ота жасады. Covid-19 жұқтырған бұл науқастардың коронавирустан өзге де түрлі ауруы бар еді. Сол себепті шұғыл ота жасауымызға тура келді. Бұл – гинекологиялық, хирургиялық және тамырлы хирургияға зәру болған науқастар. Ішінде асқазан резекциясы отасын жасаған науқас болды. Ережеге сәйкес, мұндай науқастар стационарда 15-20 күндей жатты", – деді Эльвира Ибрагимова.
Сондай-ақ, маман бүгінде жастар мен қариялардың бәрінен көп Covid-19 жұқтырып жатқанына тоқталды.
"Қазір бізде 500-ге жуық науқас бар. Соңғы кезде аурудың жас талғамайтынын көріп отырмыз. Десе де, негізінен 60 жастан асқан адамдар ауырып жатыр. Ал шілде айында 35-40 аралығындағы азаматтар бұл індетке жиі шалдыққан еді. Қариялардың бұрыннан бар созылмалы ауруы асқынып, көбінесе артериалдық гипертензия, қант диабеті және семіздік сынды ауруларға шалдыққан. Өкінішке орай, осындай қосымша созылмалы аурулар науқастың жағдайын нашарлатып отыр", – деді Эльвира Ибрагимова.
Еске салсақ, Алматыдағы 62 мектептің коронавирус жұқтырған 89 оқушысы онлайн білім алып жатқаны туралы хабарлаған едік.