Қазақстан табиғатты қорғау бойынша БҰҰ көтерген 10 бастаманың біріне кіреді. «Алтын Дала» экологиялық бастамасы осыдан 16 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанда дала ақбөкендері жойылып кетудің алдында тұрған кезде басталды. Сол кезде бұл жануарлардың саны бар болғаны 50 мың болған. Бұл туралы energyprom.kz жазды.

Елімізде дүние жүзіндегі ақбөкен популяциясының 90%-ы шоғырланған. Қазақстандағы барлық ақбөкендер мекендеу ортасына қарай шартты түрде үш популяцияға бөлінеді. Ең көп Орал популяциясы Батыс Қазақстанда және Ресейге де кіріп тұрады. Бетпақдала популяциясы Орталық Қазақстанда, Үстірт популяциясы Үстірт аумағын және Өзбекстанды мекен етеді. Моңғолияда да аздаған ақбөкен бар.

Әдетте, ақбөкен аулаған қылмыскерлер ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабының бірі бойынша сотталады: «Заңсыз аң аулау» (337-бап) және «Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, сондай-ақ тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе туындыларымен заңсыз айналысу» (339-бап). Бұл заң бұзушылықтар – экологиялық қылмыс болып саналады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ақбөкен саны көбейіп келеді. Шенеуніктер оның етін тұтыну мәселесін талқылауда.


ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, соңғы бірнеше жылда мұндай қылмыстық істердің жалпы саны 42,6% азайған. Егер 2017 жылы 434 құқық бұзушылық тіркелсе, былтыр жыл соңында 249 болды. Браконьерлерге қатысты қылмыстық істердің саны төрттен бір есеге — 135-тен 101-ге қысқарды.

БҰҰ табиғатты қорғауда Қазақстанды ерекше атап өткенде ақбөкен саны 1,3 млн болған. Ал биылғы көктемгі әуе санағы нәтижелері бойынша сәуір айының соңында Қазақстандағы ақбөкен популяциясы 1,9 млн-ға жетті.


Оқи отырыңыз: Ақмола облысында 80 мың гектар егістік алқабын ақбөкендер таптап тастады.


Соңғы бірнеше жыл ішінде бұл сирек кездесетін жануарлар популяциясының өсуі өте қарқынды болды. 2017–2023 жылдар аралығында 12,6 есе өсті.