"Егістікке баратын өткел жоқ". Түркістан облысының диқандары көмек сұрады
Жергілікті билік жағдайды өз көзімен көрсе де, нақты көмек көрсетпеген.Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты 10 ауылдың жүзден астам диқаны өзінің егістік алқабына техникасын жеткізе алмай отыр. Айтуларынша, "Қазсушар" кәсіпорны егістікке барар өткелдерді қайта жөндеп, каналды қоқыстан тазартуы тиіс болған. Алайда жалдаған мердігерлері өткел-көпірді түгел қиратып, егістікке барар жолды жауып тастаған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
"Енді 10 күннен кейін келсе, түкке жарамай қалады. Асты күйіп, шіриді. Бізге жол жасап, көпірді қалпына келтіріп берсе болды. Үкіметтен ақша сұрап, орын бер деп жатқан жоқпыз. Өз дүниемізге өзіміз кіре алмай қалдық", – деді диқан Нұрмахан Әлиев.
Диқандардың бір бөлігі ұрық сеуіп, дән екпеген. Малын саудалап техника сатып алғандарға да, несиемен тұқым алғандарға да егістікке кірер жол мен судан өтетін өткел керек.
Оқи отырыңыз: Арал халқы теңіздің қайта толуын тілеп, тасаттық берді
"Бес миллион те4ге несие алдым. 13 миллионға сеялкасымен бірге "Беларусь" алдым. Қазір жаным қысылып тұр, төлейтін ақша жоқ. Екі жоңышқаны орау үшін суағар болуы керек. Жалғыз мен емес, маған ұқсаған шаруалар келіп тұр. Барлығының көрген күні осы", – деді диқан Сапаралы Жаманқара.
Диқандар мәселені бір ай бұрын көтеріп, аудан әкімдігіне барған. Жергілікті билік жағдайды өз көзімен көрсе де, нақты көмек көрсетпеген. Тек тапсырыc беруші "ҚазСуШар" компаниясына хат жолдағанын айтқан.
Мекеме тазалауы тиіс канал 387 шақырымды құрайды. Алайда уәде етілген тазалық жұмысы да, комбайндар өтетін өтпелі жол да аяқсыз қалған. Ондағылар бел ортадан үзілген жұмысты мердігерлердің жауапсыздығына сілтеді. Айтуларынша, мердігерлердің үстінен прокуратураға шағыv түсіріп, республикадан 33 миллион теңге сұраған.
"Одан шыққан 5 метрлік, ал диаметрі мың метрлік трубалар бар. Қай жерде қандайы бар екенін белгілеп қойдық. Енді соған кранмен келуіміз керек. Өте алмай тұрған жерлерге уақытша өзіміздің ескі трубаны қойып, өткел жасап беруіміз керек", – деді "Қазсушар" РМК Түркістан филиалы Отырар өндірістік бөлімінің басшысы Хамитбек Ерке.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында белгісіз індеттен 200 бас мал арам өлді
Компания өкілі облыста техника мен жұмыс күші барын және тек рұқсат күтіп отырғанын айтты. Қайта ретке келтіру жұмыстары шамамен бір аптаға созылады. Ал жұмысын тастаған мердігермен енді құзырлы орган айналыспақ.