Солтүстік Қазақстан облысының Ленинградское ауылының тұрғындары жарты айдан бері ауыз сусыз отыр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Тұрғындардың айтуынша, 3000-ға жуық халқы бар елдімекенді сумен қамту үшін соңғы үш жылда мемлекеттен 140 миллион теңге бөлінген. Алайда, өткен жылы ғана салынған су мұнарасының қуаты әлсіз. Соның салдарынан жұртты тіршілік нәрімен толық қамти алмайды дейді. 

"Міне, бір аптадан бері үйде су жоқ. Мұнараны уақытында суға толтырмайды. Салдарынан не ішетін, не кір-қоңымызды жуатын суға жарымай отырмыз. Тіршілік нәрін арнайы көліктерден немесе дүкеннен сатып ішуге мәжбүрміз", – деді Ленинградское ауылының тұрғыны Амангелді Капеев.

Кәсіпкердің айтуынша, мұнара тәулігіне 300 куб су береді. Он минут сайын ондағы су көлемі азайып, ауыл шетіндегі үйлер сусыз қалады. Өйткені бірі өткен жылы сатып алынған, екіншісі жөндеуден өткен екі сорғының қуаты халықты түгелімен сумен қамти алмай отыр. 14-15 сағат бойы үздіксіз істейтін сорғыларды қызып кетпес үшін сөндіріп отырады екен. Сол кезде халық сусыз қалады.

"Қуаты жоғары сорғы сатып алу қажет. Біздегі 2 сорғы әлсіз. Сағатына екеуі 20 куб су береді. Жаңасын алсақ, бір өзі 30 куб су берер еді. Халық судың ақшасын төлеген соң, айдың басында соны жинап, жаңа сорғы сатып аламын", – деді "Болашақ" жеке кәсіпкерлік жетекшісі Гүлбаршын Мұхатова.


Оқи отырыңыз: "Күніне бір шелек су береді". Алматы облысының тұрғындары екі жылдан бері ауыз суға зәру


Ал аудан әкімдігіндегілер ауыл тұрғындарына тіршілік нәрі түгел жетуі үшін суды бау-бақшаға жұмсамауға кеңес береді.

"Заң бойынша оны бау-бақша суаруға, малға беруге пайдалануға болмайды. Судың барлығына бірдей жетпеуі – осыдан. Ауылда су таситын көліктер бар. Басқа қажеттіліктерге халық суды содан сатып алу керек немесе шамасы келсе, техникалық су қазып алуы тиіс", – деді Ақжар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Рыстан Әбилдинова.