"Дөрекі сөйлеп, қоқан-лоқы көрсетеді". Қызылорда облысындағы бір мектептің мұғалімдері басшысына қарсы шықты
Олардың айтуынша, директордың орынбасары мүғалімдерге түрлі себепті сылтауратып ақша жинатады.Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы №110 мектеп директорының орынбасары Шәркүл Сәрсенова мұғалімдерге оқушылардың көзінше дөрекі сөйлеп, қоқан-лоқы көрсетеді. Ол аздай, мұғалімдер түрлі себепті сылтау етіп ақша жинататынын айтты, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Мұғалімдер бұл мәселені білім басқармасына бірнеше рет жеткізген, бірақ нәтиже жоқ. Олар шыдамы таусылған соң құзырлы органдарға арызданған.
Мұғалімдер оқу жылының басында сағат жүктемелерін көбейту үшін орынбасардың қалтасын қампайтуға мәжбүр боламыз дейді. Тіпті жақында Шәркүл Сәрсенова география пәнінің бес мұғаліміне төленіп келген қосымша жалақыны да өзіне қайтарып беруді сұраған.
"Дәптердің ақшасын біз қайтаруымыз керек. Осындай бап бойынша бізге төленбейді екен ол ақша. Мен қате жазып қойыппын, ақшаны біз қайтаруымыз керек дейді. Ақшаны қолма-қол немесе голдқа аударасыңдар дейді. Неге сүйеніп қайтаруымыз керек? Ешқандай бұйрық жоқ", – дейді география пәнінің мұғалімі Айдана Төлегенова.
Үрейі ұшқан мұғалімдер оқу ісі жөніндегі орынбасардың қысымынан шаршадық деп ашулы. Өйткені ол бүтін ұжымды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды дейді.
"Айтпаған сөзі қалмады. Жерден алып, жерге салды. Былайша айтқанда, күйеуімізден олай қорықпаймыз. Мектепке кіріп жатқанда кәлимамызды айтып кіреміз. Қорқам. Қатты қорқам", – дейді орыс тілі пәнінің мұғалімі Нұрзада Мәтішева.
Ал Шәркүл Сәрсенованың өзі бір топ мұғалімнің шағымына мүлдем келіспейді. Қол астындағы қызметкерлерге жұмыс бабымен ғана ескерту айтамын дейді. Олардан негізсіз ақша алған кезім болмаған деп отыр.
"Сағатты мен бөлмеймін. Оны бірлестік жетекшілері бөледі. Сағатты бөліп, бірлестік жетекшілері барлығы қол қойып бергеннен кейін маған әкеліп береді. Мен оны сабақ кестесіне қоямын. Ал анау айтып отырған сомаңызға келіспеймін. Ал білім бөлімінің басшылары бұл мәселеден бұрыннан хабардар екен. Десе де, мұғалімдердің шағымына енді ғана назар аударып жатыр", – дейді №110 орта мектеп директорының орынбасары Шәркүл Сәрсенова.
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда мұғалімдер тәулігіне 15 сағат "жұмыс істеп" келген
"Қазір ұжыммен кездесемін. Сөйлесем. Не мәселе болып жатыр? Сол жерде педагогикалық әдеп кеңесі бар, айтқан сөздері расталса, бұл кісінің тиісті шарасы қаралады", – деді Жаңақорған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Дәулетәлиев.
Ал шағымданған мұғалімдер оқу ісі жөніндегі орынбасардың орнын босатқанын талап етіп отыр. Сондықтан олар соңғы үміті құзырлы органдарда екенін айтады.