Депутат толық емес отбасыларға 2 пайыздық ипотека алу шарттарын жеңілдетуді ұсынды
Бұған дейін "Бақытты отбасы" бағдарламасынан толық емес отбасылар санаты алынып тасталған болатын.Бүгінде 148 мыңнан астам толық емес отбасы баспанаға мұқтаж, оның 60 пайызы бір күнкөріс деңгейінен төмен табысы барлар. Мұндай отбасылардың көпшілігі үшін жылдық 5 пайызбен несиелік тұрғын үй алу өте ауыр болады, деді сенат депутаты Серік Шайдаров.
Сенатор "толық емес отбасыларды" жылдық 2 пайыздан кредиттеудің жеңілдікті мөлшерлемесі бойынша тұрғын үй алу мүмкіндігін көздейтін "Бақытты отбасы" бағдарламасынан шығаруға қатысты қоғамдық резонанс туындағанын айтты. Бұл шешім бірнеше себептерге байланысты қабылданғанын түсіндірді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің пікірінше, мемлекеттен қолдау алу мақсатында 2019-2020 жылдары жалған ажырасулардың екі есе ұлғайған.
"Мүмкін, бұл жерде шындық бар шығар. Алайда бүгінде 148 мыңнан астам толық емес отбасы баспанаға мұқтаж, оның 60 пайызы бір күнкөріс деңгейінен төмен табысы барлар. Мұндай отбасылардың көпшілігі үшін жылдық 5 пайызбен несиелік тұрғын үй алу өте ауыр болады", – деді сенатор.
Оқи отырыңыз: Табысы төмен қазақстандықтар қалай баспаналы бола алады?
Сол себепті депутат уәкілетті мемлекеттік органдарына осы мәселені жан-жақты зерделеп, нақты мұқтаж толық емес отбасылар үшін жылдық 2 пайызбен кредиттік тұрғын үй алу тетігін, соның ішінде халықтың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларға өзгерістер енгізуді айқындауды ұсынды.
Сондай-ақ, депутат қазір тұрғын үй алу кезегінде Ұлы Отан соғысының 88 ардагері тұрғанын еске салып, бұл мәселені тез арада шешу керек екенін айтты.