Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы жер сілкінісінен кейін мұндай төтенше жағдайлардың салдарын азайту бағытында шараларды күшейту қажеттігін айтты. 

Бұл орайда, депутат бірнеше ұсынысын хабарлады. 

Ең бірінші кезекте қала басшылығы тектоникалық жер сілемдерінің бойында, сонымен қатар су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда жер беруге және құрылыс салуға рұқсат беруін тоқтатуы керек. Бұл үшін қала әкімдігі мен мәслихатына қала құрылысы бойынша айрықша мәртебе берілгені жөн. 

Сондай-ақ, Бақытжан Базарбек қандай ғимарат болмасын оған вибросынақ арқылы міндетті сейсмоаудит жүргізілуі тиіс. Ол және екі мәрте, мемлекеттік сараптау барысында және пайдалануға беру алдында жасалуы қажет. 

Ал ең маңыздысы, таулы аймақтарда биік ғимараттар, тіпті екі қабаттан асатын үйлер салынуын тоқтату керек. 


Оқи отырыңыз: Тарихты еске аламыз: 1887 жылы Алматыны жермен-жексен еткен зілзала


"Абырой болғанда, ғимараттар құламады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?! Әсіресе, еліміздің таулы аймақтарында, жерасты қазынаны өндіріп жатқан өндірісті өңірлерде зілзала қаупі жоғары. Сондықтан, Төтенше жағдай министрлігі мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қараған жөн", – деді мәжіліс депутаты.