Денсаулық сақтау министрі: 18 жастан асқан қазақстандықтар да қызылшаға қарсы вакцинаны тегін ала алады
Вакциналар жеке клиникаларға жеткізілмейді, оларды тек жергілікті емханаларда алуға болады.18 жастан асқан адамдар, сондай-ақ қарт адамдар қызылшаға қарсы вакцинаны өз емханаларында тегін ала алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
Министр емханаларда қызылшаға қарсы егу тегін жүргізілетінін және оны кез келген адам алуға болатынын атап өтті.
"Қазір қызылшаға қарсы екпе барлығына тегін, соның ішінде ересектерге де тегін егіледі. Біз вакцинаны ақылы түрде бермейміз, ол тек мемлекеттік тапсырыс аясында ғана беріледі", – деді Ажар Ғиният.
Министр вакцина жеке клиникаларға жеткізілмейтінін айтты. Егер мемлекеттік емханада олар ересектерден екпе үшін ақша сұраса, бұл – заңсыз.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қызылшаға қарсы 29 мың вакцина қалды
Ажар Ғиният бала кезінен екпе алған адамдарға 20 жастан кейін қайталап екпе салу кедергі де, зиян да болмайтынын айтты.